Алдағы күндері болжанған жауын-шашын мен көктайғаққа байланысты Алматы қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. Бұл туралы қала әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Алматы қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, қалалық инфрақұрылымның қауіпсіз әрі үздіксіз қызметін қамтамасыз ету үшін арнайы мекемелер тәулік бойы кезекшілікке қойылған.
"Қазгидромет" РМК дерегінше, 4 қарашада сағат 3:00-тен 20:00-ге дейін 5-6 мм көлемінде жаңбыр жауады. Ауа температурасы түнде және күндіз +5…+7°С-қа дейін төмендейді. 5 қарашада көшпелі бұлтты, кей жерлерде жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ болады. Ауа температурасы түнде -3…-5 °С, күндіз +1…+3 °С шамасында.
"Алматы Тазалық" кәсіпорындарының базаларында жүргізушілер, механизаторлар мен жұмысшылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Қар түспей тұрып, магистральдық көшелерге алдын ала сұйық реагенттер себіледі. Қазіргі таңда қала аумағында 204 құм шашқыш техника дайын тұр.
Жалпы, тәулік бойғы жұмысқа 580 арнайы техника мен 2500-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Аула ішіндегі аумақтарды тазалауға 307 техника және 1500 жұмысшы, ал саябақтар мен скверлерді күтіп ұстауға 550 техника мен 1900 қызметкер қатысады. Қаланың көше-жол желісін бақылау және көктайғақты дер кезінде жою үшін 75 патрульдік бригада кезекшілік етеді", — делінген хабарламада.
Сонымен қатар Алматы қаласының Құтқару қызметі де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Қызмет құрамында 1 ассенизатор көлігі, 15 мотопомпа және 50 құтқарушы бар.
Аудан әкімдіктерінде коммуналдық жұмыстардың барысын бақылау және қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіру мақсатында тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылған.
Қар тазалау кезеңінде жол бойына немесе жиегіне қойылған көліктерді уақытша көшіру үшін 63 эвакуатор мен манипулятор (Полиция департаментінен – 13, Құтқару қызметінен – 20, "Алматы паркингтен( – 30) жұмылдырылған.
"Жол мен тротуарда көктайғақтың түзілуіне байланысты қала тұрғындарынан барынша сақтық шараларын сақтауды сұраймыз.
Көлік жүргізушілеріне қозғалыс жылдамдығын төмендетіп, қауіпсіз арақашықтықты сақтау, күрт бұрылыс пен тежеуден аулақ болу, тежеу жолының ұзаратынын ескеру, қысқы дөңгелектерді дер кезінде ауыстыру қажет.
Жүргізушілік тәжірибесі аз азаматтарға жеке көлікті уақытша пайдаланбауға және қоғамдық көлікке басымдық беруге кеңес береміз. Сонымен бірге көлікті қысқы дөңгелекке уақытылы ауыстырмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын еске саламыз", — делінген хабарламада.
Сонымен қатар әкімдік өкілдері жаяу жүргіншілерді тротуарлар мен жүргіншілер өткелдерінде абай болуға шақырды. Сондай-ақ табаны таймайтын аяқ киім киюді ұсынып, еңіс, өр жерлерде және баспалдақта сақтық таныту қажеттігін еске салды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз