Павлодарда еріктілер мен белсенділер ескекті қайықпен Ертіс өзеніне шығып, 30 қап қоқыс жинады, деп хабарлайды 24kz.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған шараға түрлі саладағы еңбек ұжымдары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты – қоршаған ортаны тазартып қана қоймай, тұрғындар назарын экологиялық мәселелерге аудару.
Экологиялық жорыққа қатысушылар қайықпен алты шақырымнан астам жүзіп өтті. Саяхат барысында олар Ертіс өзенінің жағасын тұрмыстық қалдықтан тазартып шықты.
Александр Вервекин, қоғам белсендісі:
- Қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтын қала тұрғындары, қоғам белсенділері, түрлі ұйымдардың өкілдері және «Жасыл ел» жасағының мүшелері бізбен бірге Ертіс өзеніне саяхатқа шығады. Бұл – жай ғана ескек есу емес, белсенді туризмді дамытуға және өзен жағалауы мен орман ішін қоқыстан тазартуға бағытталған пайдалы әрі мағыналы саяхат.
«Замандас» ардагерлер клубының жанынан құрылған «Күміс волонтёрлар» десанты да экологиялық акцияларға белсене қатысады. Олар өз ісімен жастарға үлгі көрсетіп, табиғатты қорғауға үлес қосып жүр.
Нұрбану Әмірғалиева, «Замандас» ардагерлер клубының директоры:
- Бізде неше түрлі клубтар бар. Соның ішінде «Күміс волонтёр» дейміз өзімізді. Қай жерде болсақ та, саяхатта болсақ та, біз мына бір сағат экодесант болады. Жүрген жеріміздің түгелін тазалаймыз. «Әрбір адам өзі қай үйде тұрады, қай жерде тұрады сол жерін тазалауы керек», - деп сондай алдымызға мақсат қойғамыз. «Таза әлем – Таза Қазақстан», сондықтан да біз тек қана тазалық үшін. Өз қаламызды өте жақсы көреміз, сондықтан да бұл шараға бүгін түгеліміз қатысып отырмыз.
Табиғат жанашырлары жағасы тазарған өзеннің айналасын суретке түсірді. Бұл – экологиялық жағдайға фотосараптама жасау үшін қажет. Ал жорыққа алғаш қатысқан жастар ескек есудің негіздері мен судағы қауіпсіздік ережелерін меңгерді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев