Елде дизель бағасы әлі де өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жайында Энергетика министрлігі хабарлап отыр. Дегенмен, көрші елдермен баға айырмашылығы сақталуда. Осы ретте жанармайды шекарадан заңсыз тасымалдауға тосқауыл болу үшін тиісті бақылау күшейтіліп жатыр.

Айта кету керек, биыл дизель құны біртіндеп 28 теңгеге дейін өскен. Яғни, қаңтарда оның литрі 295 теңге болса, қазір 323 теңгеге жетті. Министрлік бағаның күрт қымбаттауына жол берілмейтінін мәлімдеп отыр. Ішкі нарықта тапшылық туындамайды деп сендірді. Өйткені биыл Ресейден 450 мың тонна дизель, 385 мың тонна бензин және 300 мың тонна авиаотын әкелу жоспарланған. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықтың алдын алуға көмектеспек.

Айбек Төленді, ҚР Энергетика министрлігі мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің бас сарапшысы:

- Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекара арқылы тасымалданатын жекелеген тауар түрлеріне қатысты тыйымдар мен шектеулердің сақталуын мемлекеттік кірістер органдары бақылайды. Тыйымдар мен шектеулердің сақталуын бақылау өкілеттігі аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, теміржол көлігімен тыйым салынған тауарларды әкету әрекеттеріне жол бермейді, қажет болған жағдайда сараптама жүргізу үшін үлгілер алынады.