Жезқазған – Қарағанды бағытында қатынайтын жолаушылар бірнеше жылдан бері жол азабын тартып келеді. Екі облысты жалғайтын тасжолдың тас талқаны шыққан , деп хабарлайды 24kz.
Жоспар бойынша күрежол келер жылы қайта жаңғыртылуы тиіс. Бірақ жауаптылар жаңғырту жұмыстары басталғанша жолдың ең нашар бөлігін жөндеп береміз деп отыр.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Жезқазған – Қарағанды тасжолы осыдан 60 жыл бұрын салынған. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Әсіресе, Қызылжар кенті мен Жезқазған арасы әбден тозған. «Салдарынан көлік апаты да көбейді», - дейді тұрғындар.
Блиц 1:
- Аварияның бәрі қайдан боп жатыр? Осы жолдың жамандығынан. Тұр. Жолда жаңа екі көліктің дөңгелектері жарылып тұр.
Блиц 2:
- Жүре алмайсың да ғой. Көліктің алдына шыға алмайсың. Жанының бәрі дәу боп өсіп кеткен.
Блиц 3:
- Біраз облыстарға жүрдім. Бірақ дәл осы Жезқазған мен Қарағанды ортасындағы осындай жолды бірінші рет көрдім. Жүру мүмкін емес екен. Кеше 10-11 сағат жүріп келдім.
Қарағанды – Жезқазған тасжолы – елдің оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын төтежол. Көлік дәлізін жаңғырту мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп жүр. Алайда құрылыстың басталатын түрі жоқ. Жауаптылар: «2030 жылға дейін жолды толық жаңғыртамыз», — деп отыр.
Роллан Қалиақпаров, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:
- Жобаны халықаралық қайта құру және даму банкі қаржыландырады. Қазір конкурстық жұмыстар жүріп жатыр. Жыл соңына дейін мердігер ұйым анықталуы тиіс. Жаңғырту жұмыстары 4 жылға жоспарланған.
Жоба бойынша қайта жаңғырту кезінде қазіргі қолданыстағы трасса бұзылмайды. Жанынан екі жолақты, екінші санатты жол түседі. Жоба іске асқанша ескі жолдың ең тозығы жеткен учаскелері жөнделеді.
Роллан Қалиақпаров, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:
- Биыл 20 шақырымы жөнделеді. Қазір мердігер ұйым жөндеу жұмыстары жүргізілетін аумақтарды анықтап, дайындық жасап жатыр. Қызылжар кенті маңында жолдың беткі қабаты тегістелуде.
Келесі жылы жолдың тағы 20 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарға республика қазынасынан 1,8 млрд теңге бөлінді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев