Астанада алғаш рет Technovation халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Ауқымды конференцияны «Philip Morris» компаниясы ұйымдастырды. Мұнда өндірістің жаңа технологиялары талқыланды. Жиынға Қазақстан мен ТМД елдерінің ғылыми және медициналық қауымдастық өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Алматы облысында «Philip Morris» компаниясы өндірісін кеңейту жұмыстары қолға алынды.
Өндірісті өркендетудің инновациялық жолдары. Дамудың ұзақ мерзімді жоспарында «Philip Morris» компаниясы бұл бағытқа басымдық бермек. Форумда инновациялық өндіріс әдістері, ғылымдағы соңғы жетістіктер сөз болды. Осы жаңашылдықтарды ескере отыра, Алматы облысындағы өндіріс орны кеңейтіледі. Зауыт құрылысына 34 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылады. Бұл жоба өңір экономикасына жаңа серпін бермек.
Томазо ди Джованни, PMI Халықаралық байланыс және серіктестік жөніндегі вице-президенті:
- Қазақстан біздің компания үшін маңызды нарық. Сондықтан да «Philip Morris» 1993 жылы Қазақстанға алғашқы болып инвестиция салған компания болды. Біз Алматы облысындағы өндірісімізді кеңейтудеміз. Бұл – әлем бойынша жаңа жабдық алған сегізінші фабрика.
Компания өнімдерін ішкі нарықпен қатар Орталық Азия елдеріне экспорттайды. «Philip Morris» компаниясы 1993 жылдан бері елдегі ең ірі 10 салық төлеушінің бірі. 1994 жылдан 2023 жылға дейін мемлекет қазынасына 1 трлн теңгеден астам салық түскен.
Томмазо ди Джованни, PMI Халықаралық байланыс және серіктестік жөніндегі вице-президенті:
- Бүгінде біздің компанияда 900-ден астам қызметкер еңбек етуде. Олардың қатарында өндіріс, әкімшілік және коммерциялық бөлімдерде жұмыс істейтін мамандар бар. Қазақстан қарқынды дамып келеді, біз де өз бизнесімізді елдің экономикалық әлеуетіне сай дамытуға тырысамыз.
Компания әлеуметтік жауапкершілікті де басты назарда ұстайды. Ауылдағы өмір сапасын арттыру, агробизнесті дамыту мен әлеуметтік жобаларды қолдауға айрықша көңіл бөледі. Соңғы жылдары қайырымдылық бастамаларға 8 миллион доллардан астам инвестиция құйылған.
Авторлары: Наргиз Бекмаганбетова, Арман Ақшабаев