Орталық Азия елдерінің Ресеймен сауда көлемі былтыр 50 миллиард доллардан асты.
Ал бұл көрсеткіштің жартысынан көбі Астана мен Мәскеу арасындағы алыс-беріске тиесілі. Душанбе өткен «Орталық Азия – Ресей» саммитінде тараптар серіктестікке серпін беру жайын талқылады. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы ұсыныстарымен бөлісті.
Мемлекет басшысы іскерлік қатынаспен шектелмей, мәдени алуандылық жайлы да айтты.
Бұл апта Орталық Азия елдерінің басшылары үшін қарбалас өтіп жатыр. Президенттердің қауырт жұмысы Душанбеде жалғасты. Жиын алдында Эмомали Рахмон меймандарды қарсы алып, кейін саясаткерлер бірге суретке түсті. Көп ұзамай отырысқа ойысқан Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың әлеуетін әлем мойындап отқанын тілге тиек етті. Кейінгі жылдары Ресеймен қатынас та сан салада қарқын алды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл үрдіс Ресей мемлекетінің беделді серіктесі ретіндегі өңір салмағын үстей түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін қабылданатын Бірлескен іс-қимыл жоспары 50-ден аса шараны қамтиды. Бұл өте құнды құжат. Сол себепті оны уақтылы іске асыруға барынша күш жұмылдыру қажет. Орталық Азия елдерінің Ресеймен сауда көлемі барлық тауар айналымының үштен бірін құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 20 пайыз өсіп, 50 миллиард доллардан асты. Аталған көлемнің жартысынан көбі Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға тиесілі.
ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ БАЙЛАНЫСЫ БЕРІК
Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына енді. Солтүстік көрші 26 миллиард доллар салған. Құны 21 миллиард долларға жететін 114 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазір 33 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның инвестиция көлемі 4,5 миллиардтан астам долларды құрайды. Бірақ әлеует әлі де мол. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев сауда кедергілерін жойып, оны жандандыруды қолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі уақытта Орталық Азияда бірлескен сауда-өнеркәсіп аймақтары мен индустриалдық хабтар қалыптаса бастады. Бұл алаңдарда өндіріс локализациясына, қосылған құнның барлық тізбегі бойынша кооперацияға және тұрақты тасымалды қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Ресейлік бизнестің аталған жобаларға қатысуы Ресей тауарларының біздің, соның ішінде Қазақстан нарығында ұзақ уақыт бойы айналымда болуына ықпал етеді.
Бұл бағытта ұсыныстар аз емес. Президент, ең алдымен, астық өңдеу ісіне екпін салды. Ресеймен өнімді терең өңдеудің бірлескен кластерін құруды ұсынды. Қос мемлекет те ауыл шаруашылығы бойынша жаһан көшінің басында иық тірестіріп келеді. Бұл күш біріксе, табыс еселей түсуі мүмкін деген сөз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл тек бидай мен ұн ғана емес, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. Біз сыртқы нарықта бір-бірімізбен бәсекеге түспей, агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық салаға айналдырудың стратегиялық пайымын негізге алуға тиіспіз.
Әдеттегідей көлік-логистика саласына да баса назар аударылды. Ресей өңір мемлекеттерінің әлем нарығына шығатын негізгі қақпасы. Осыны ескерге Президент саладағы байланысты бекіте түсуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін нақты қадам жасалуда. 2030 жылға қарай Қызылорда қаласынан Ресей шекарасына дейінгі учаске төрт жолақты қозғалысқа ауыстырылады. Ресейлік және түрікмен серіктестерімізбен бірлесіп «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағын дамытамыз.
Қазір Қазақстан арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның бесеуі теміржол, қалғаны автокөлік жолы. Соңғы 15 жылда саланы жаңғыртуға 35 миллиард доллардан аса қаржы жұмсалды. Нәтижесі көңіл көншітеді. Мысалы, Ресейден Орталық Азияға Қазақстан арқылы теміржолмен тасымалданған жүк көлемі соңғы үш жылда 30 миллион тоннадан асты. Ал кері бағыттағы транзит 50 пайыз ұлғайған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағын инвестициямен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша бірлескен бағдарламаны іске қосу бағдардың әлеуетін толық ашуға әрі қажетті қаржыны тартуға септігін тигізер еді. Бұл бастамаға халықаралық қаржы институттарын, даму банктері мен инвестициялық қорларды тарта аламыз. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Ресей ведомстволары осы мәселені менің 12 қараша күні Мәскеуге жасайтын сапарымның алдында талқылауына болады.
Әлеуетті саланың бірі энергетика. Қазақстан Ресей мұнайын Қытайға тасымалдауда маңызды рөл атқарады. Біз арқылы жылына 10 миллион тоннаға дейін мұнай жеткізіледі. Енді атом энергетикасында жаңа бағыт ретінде қарастыра беруге болады. Осы ретте Президент Қазақстанда Ядролық отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өңірлік құзыретті кеңес құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Росатом» компаниясының қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді. Атом өнеркәсібіндегі ықпалдастық бірқатар жанама саланың дамуына берік негіз бола алады. Мұның біз үшін маңызы зор. Қазақстанда Ядролық отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өңірлік құзыретті кеңес құруды ұсынамыз.
Президент тіл мәселесіне тоқталды
Былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 28 миллиард долларға жетті. Тіршілігі тығыз қос халықтың мәдениеті де ұштасады. Соның ішінде тіл деген нәзік тақырып бар. Президент отырыста осы мәселеге арнайы тоқтады. Жастардың орысша жетік меңгергені дұрыс. Бірақ бұл қазақ тіліне кедергі келтірмейді деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құдай берген ана тілдеріміз конституциялық тәртіппен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Сондықтан қазақ тіліне бұрынғыдай көңіл бөліне береді. Жастарымыз биліктің қолдауымен екі, тіпті үш-төрт тілді оңай меңгере алатынына сенімдімін. Мұндай мысалдар әлемде аз емес. Анығын айтқанда, Қазақстандағы жағдай осындай.
Мемлекет басшысы Ауғанстандағы ахуалға алаңдаушылық білдіріп, бұл елді өңірдегі экономикалық үдеріске тарту керегін жеткізді. Сөз соңында Душанбе саммитінің қорытындылары өңірлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.
Бекзат Аманов