Үкімет оларға жалпы өнімінің кемі 45 пайызы аталған отын түрлері болуы керектігі туралы талап қойғалы отыр.

Қазақстанның ішкі нарығын мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету үшін резерв қалыптастыру мақсатында Үкімет мұнай өңдеу зауыттарына қоятын талаптарды күшейткелі отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған.

Атап айтқанда, енді шағын мұнай өңдеу зауыттарына өндірілген жалпы өнім көлемінің кемінде 45 пайызы мөлшерінде жоғары сұранысқа ие мұнай өнімдерінің үлесін қамтамасыз ету бойынша талап қойылмақ. Мұндай өнім түрлеріне ішкі нарықта тұрақты сұранысқа ие болатын бензин, дизель отыны, авиациялық керосин және басқа да сапа стандарттарына сәйкес келетін өнімдер жатады.

"Бұл тәсіл Қазақстанның мұнай өнімдері импортына тәуелділігін төмендетуге, Қазақстандағы сапалы отын көлемін ұлғайтуға, мұнайдың қайта өңдеу деңгейін арттыруға және шағын МӨЗ жұмысының тиімділігін көтеруге, соның ішінде шетелде К-4 және К-5 стандартындағы отын өндірілетін шикізат пен жартылай фабрикаттардың экспортын қысқартуға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, талаптарды 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап қана кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл шағын зауыттарды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру үшін жеткілікті өтпелі кезеңді қамтамасыз етеді.


Оқи отырыңыз:

  • Атырау мұнай өңдеу зауытында авиакеросин мен сұйытылған мұнай газының өндірісі артты
  • Қазақстанда жанармай экспортына тыйым салу мерзімі ұзартылады