АҚШ президенті Дональд Трамп Пусанда ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуден кейін бірнеше мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап.

"Кездесу керемет өтті"

АҚШ президенті Си Цзиньпинмен келіссөз достық сипатта өткенін айтты.

"Менің ойымша, кездесу керемет өтті. Маңызды мәселелер бойынша келісімге келдік. Нөлден онға дейін бағалайтын болсам, мен оны он екіге бағалар едім", — деді Трамп.

АҚШ пен Қытай арасындағы келісімге дайындық

Дональд Трамптың айтуынша, тараптар болашақ сауда келісіміне қатысты уағдаластыққа келген. Оған жақын арада қол қойылуға тиіс.

"Жақын арада болады деп ойлаймын. Үлкен кедергілер көп емес", — деді АҚШ президенті.

Баж салығы, микросхемалар және Nvidia

Алдын ала келісім жобасына сәйкес Қытай сирек кездесетін жер металдарын экспорттауға шектеу енгізуді бір жылға кейінге қалдыруға келіскені айтылған. Бұл шарттар жыл сайын қайта қаралады.

Сондай-ақ, Трамп Қытай тауарларына салынған кеден тарифі 47 пайыз деңгейінде сақталатынын айтты. Ол Си Цзиньпинмен сауда және технология мәселелерін, соның ішінде америкалық чип өндірушімен ынтымақтастықты талқылағанын мәлімдеді.

Украина, Таяу Шығыс және ядролық сынақтар

Трамптың айтуынша, келіссөздер барысында Украинадағы соғыс және Таяу Шығыс қақтығысы да көтерілген.

"Ресей мен Украинаның соғысын тоқтатуға тырысу үшін бірге жұмыс істейміз", — деді ол.

Сонымен қатар, ол ядролық сынақтарды қайта бастау туралы шешімін түсіндірді.

"Басқалар сынақ өткізіп жатқандықтан, бізге де оны өткізу орынды деп ойлаймын", — деді Трамп.

Сапар жоспарлары және Тайвань мәселесі

Трамп 2026 жылғы сәуірде Қытайға баратынын, содан кейін Си Цзиньпин АҚШ-қа, соның ішінде Флоридаға немесе Вашингтонға келуі мүмкін екенін айтты.

Сонымен қатар, АҚШ президенті келіссөз барысында Тайвань мәселесі талқыланбағанын мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget