Қостанай облысы, Әулиекөл ауданының төрт ауылында су тарату пункті пайдалануға берілді. Осылайша аудандағы барлық ауыл тіршілік нәрімен қамтылды. Енді суды үйлерге кіргізу жұмыстары жүргізіледі. Сапалы ауызсуға қол жеткізген ағайынның қуанышын тілшіміз бөлісіп қайтты.
Әулиекөл ауданындағы 33 елді мекеннің 15-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Қалғандарында су тарату пунктері орнатылды. Сондай бір қондырғы жақында Новоселов ауылында іске қосылды.
Дмитрий Апареев, мердігер компанияның бас инженері:
- Екі ұңғыма қазылды. Сол жерден ауылға дейін сегіз шақырымнан астам екі құбыр желісі тартылды. Бірі тұрақты жұмыс істеп, екіншісі резервте тұрады. Ал тарату пунктінде су сүзгіден өткізіліп, тазартылады.
Ауылдықтар бұған дейін тасымал суды тұтынып келді. Енді олар су тапшылығынан құтыламыз деп қуанып отыр.
Ермек Ілиясов, Новоселов ауылының тұрғыны:
- Біз бұған дейін ауызсуды ауданнан, Әулиекөлден тасып жүретінбіз. Қазір енді су осы ауылда, өзіміздің қасымызда. Осы жерден аламыз суды, соған өте қуаныштымын.
Юлеев ауылына сапалы ауызсу жетті. Бұл елді мекенге 17 шақырым құбыр тартылды. Сондай-ақ Көктал, Первомай ауылдарына да су тарату пункті орнатылды. Осы төрт жобаға 3,5 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Жансұлтан Тәукенов, Әулиекөл ауданының әкімі:
- Мемлекеттік арнайы қордан, облыстық бюджеттен қоса қаржыландырудың арқасында жүзеге асырылып жатқан үлкен іс-шара. Осы су обьектісі Сіздерге пайдалануға беріліп, алдағы уақытта осы газдандыру мәселелері, әр аулаға су келтіру мәселелері қолға алынатын болады.
Жоспар бойынша биыл өңірдегі 23 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. 14 ауылда су тарату пункті орнатылады. Жобаларды іске асыруға 30 млрд тенгеден астам қаржы бөлінді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
 
                         
                                 
                                             
                                            