Берлин полициясы суицидтік сипаттағы теракт дайындады деген күдікпен 22 жастағы сириялық азаматты қамауға алды.
Күдікті жексенбі күні ел астанасының Нойкельн ауданынан ұсталды. Арнайы жасақ қызметкерлері Абдалла есімді жігіттің бұрын тұрған пәтерлерін тінтіп, жарылғыш құрылғы жасауға керек заттарды тапқан. Bild газетінің дерегінше, ол бұл заттарға ғаламтор арқылы тапсырыс берген. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше рет террористік ұйымды насихаттаған. Мамандар ол ИГИЛ мүшесі болуы мүмкін дейді. Күдікті Сириядан Германияға екі жыл бұрын саяси баспана сұрап келген. Істі елдің Бас прокуратурасы жүргізіп жатыр. Тергеу ведомствосының мәліметінше, Германияның мемлекеттік қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр қылмыс деген айыппен іс қозғалды.