Эстония Президентінің Астанадағы мемлекеттік сапары жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Кеше Алар Карис Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізген еді. Саясаткерлер экономикалық ықпалдастық жайын талқылап, сауда кедергілерін жоюға келісті.
Мәртебелі мейман 40 компаниядан тұратын бизнес-делегация ертіп келген. Демек бірлескен жобаларды бастауға да ниет бар. Ал бүгін Эстония басшысының жұмыс кестесінде бірақатар мәдени шараға қатысу жоспарланған. Атап айтқанда, Алар Карис екі елдің Ұлттық музейі әзірлеген жаңа жылжымалы көрмеге барады. Сондай-ақ «Астана Опера» театрында талантты дирижер Расмус Пуур мен көрнекті скрипкашы Ханс Кристиан Аавиктің қатысуымен симфониялық ішекті оркестрдің концертін тамашалайды. Бұл кеш көрнекті композитор Арво Пярттың 90 жылдығына және фольклоршы Вельо Тормиске 95 жыл толуына арналған.