Шығыс Қазақстан облысындағы ең қауіпті саналатын Өскемен – Риддер автожолын орташа жөндеу жұмыстары биыл аяқталады, деп хабарлайды 24kz.

Құрылысшылар таудағы 75 шақырым бұралаң жолды қалпына келтіріп жатыр.

«Күніне мыңдаған жүк көлігі жүретін жолдың сапасына ерекше мән берілді», — деді жауаптылар.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Өскеменнен Риддерге дейін созылып жатқан мына жолмен азық-түлік тиеген жүк көліктері күнде ағылады. Бірақ жолдың нашарлығы салдарынан діттеген жерге шығынсыз жету мүмкін емес.

Александр Ильинков, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Жолдағы ой-шұқырдың кесірінен апара жатқан жұмыртқалар сынады. Сау күйінде жеткізе алмаймыз. Жолдың сапасы көңіл көншітпейді. Дегенмен, Секисовка ауылына дейінгі бөлігі жөнделіп жатыр. Риддерге дейін де осылай істелсе, жақсы болар еді.

2024 жылдан бері отыз шақырым жол қалпына келтірілді. Ал биыл қалған 75 шақырымнан астам бөлігі жөнделеді. Қауіп көп болғаннан кейін қазір жөндеу жұмыстары жеделдетілуде. Құрылысқа 5 бригада жұмылдырылған. Жобаның қымбат екенін ескерген сенаторлар сапаға ерекше мән беріп отыр. Өйткені 75 шақырым жолды жөндеуге 6,5 млрд теңге несие қаражаты жұмсалған.

Шәкәрім Бұқтұғұтов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Кепілдік мерзімі 5-6 жыл. Бүгінгі талқылауда жолға түсетін жүктеме мен басқа да факторлар ескерілді. Бұл бағыт «Қазақмыс» компаниясы үшін аса маңызды, өйткені бұл жолмен жүретін әр үшінші жүк көлігінің салмағы 40 тоннадан асады. Яғни, бес жылдан кейін біз осы жолды жөндеуге алынған несие қаражатын қайтаруды бастаған кезде жол тозып, кепілдік мерзімін өтеп үлгермеуі мүмкін.

Сенатордың сыны орынды. Ескертуді елеген құрылысшылар жолға түсетін жүктемені есепке алып, негізгі қабатын жергілікті тас топырақпен бекітуде. Ал оның үстіне ұзақ мерзімді пайдалану үшін қалыңдығы 25 сантиметрге дейінгі бетон қабаты төселеді. Жалпы биыл шығыстағы жол құрылысына бөлінген бюджет соңғы отыз жылдағы ең ауқымды қаражат.

Алмас Хасенов, «Қазавтожол» ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары:

- ШҚО бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында биылғы жылға орташа жөндеу жұмыстары жалпы 357 шақырымды құрайды. Олар тоқтала кетсек, Өскемен – Риддер, Өскемен – Шемонаиха және Өскемен – Алтай – Қатонқарағай бағытында және Қалжар – Марқакөл бағытында қарастырылған.

Жыл соңына дейін жөнделген жолдардың сапасы қайта тексеріледі. Қазірдің өзінде Өскемен – Риддер тасжолына бірнеше зерделеу жұмыстары жүргізіліп, барлық учаскедегі құрылыс материалдарынан 29 сынама алынған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин