Мәжілісте депутаттар өңірлерге сапары кезінде жинақтаған өтініштер бойынша Үкіметтің мемлекеттік органдардың жұмысы туралы ақпаратын тыңдады.
Нәтижесінде халық қалаулылары атқарушы билікке 940-қа жуық жүйелі ұсыныстар жолдады. Олардың басым бөлігі денсаулық сақтау, білім беру мен еңбек және әлеуметтік қорғау саласына бағытталған. Сондай-ақ, азаматтар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс, экология және табиғи ресурстар, туризм мен спорт министрліктерінің құзыретіне қатысты өтініштерімен де жүгінген.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Шынында өңірлерде мәселе көп. Оны күні кеше өткен Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында көрдік. Оған өздеріңіз де қатыстыңыздар. Қаншама мәселе көтерілді. Түстен кейінгі 6 секцияның өзінде тағы да 100-ден астам мәселе ортаға салынды. Мемлекет басшысы сол жерде осы мәселелердің көбінің жүйелі шешімін ұсынды, нақты тапсырмалар берді. Олар қалай орындалады, қалай аяғына дейін жеткізіледі? Бұл Мәжіліс депутаттарының тұрақты бақылауында болады.