«Қазақстанды арала». Оңтүстіккореялық автор Со Бён Ённың кітабы осылай аталады. Саяхатшыларға арналған жолнұсқаның таныстырылымы Сеулде өтті. Оған Оңтүстік Кореяның туризм саласы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Автор Қазақстанға сапарлаудың артықшылықтарын жазған. Яғни визасыз режим, ұшу уақытының қысқалығы, дәмді тағамдар және қазақстандықтардың оңтүстіккореялық туристерге деген жылы қарым-қатынасы. Со Бён Ён ең алдымен Алматы, Астана және Шымкент қалаларына саяхатттауды ұсынады. Бұл бағыт жолнұсқада «Алтын туристік үшбұрыш» деп аталады. Оның айтуынша, оңтүстік астанаға жақын орналасқан Шарын шатқалы, Көлсай көлдері және Қайыңды көліне міндетті түрде бару қажет. Астанада саяхатшыға футуристік архитектура ұнаса, Шымкентте дәмді және алуан түрлі асханасы ерекше әсер қалдырған. Кітап авторы сонымен қатар Каспий теңізінің жағалауындағы курортты қала Ақтау мен кезінде қазақстандық корейлер шоғырланған Үштөбе қаласы кореялық туристер үшін қызықты болатынын айтты.

Со Бён Ён, «Қазақстанды Арала» кітабының авторы:

- Материал жинаумен айналысқан кезде маған қоғамдық көлікті көп қолдануға тура келді. Себебі туризм туралы егжей-тегжейлі айту үшін тек солай жасау керек болды. Автобус картасымен жүру өте ыңғайлы екен. Сонымен қатар мені жергілікті тұрғын деп ойлап қалғандар да болды. Әжелердің маған бірнеше рет келіп, қазақша сұраған кездері болды.