Жақында Павлодар облысында қысқы туризм маусымы басталады. Жазда 170 мыңнан астам туристі қабылдаған Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр демалыс аймақтарында қызу дайындық жүріп жатыр.

Жалпы өңірде Баянауыл ауданынының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асуда. Былтыр қыста Баянауылдың қарлы тауларын, қарағайлы орманы мен табиғи ескерткіштерін тамашалауға 15 мыңдай турист келген.

Қысқы туризм – көз тартар сұлулық әлемі

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Жерұйыққа жақын, берекелі қоныс деп танылған Баянауыл тек ғажайып табиғатымен ғана емес, рухани тереңдігі мен аңызға толы тарихымен де қасиетті өлке саналады. Содан болар, бұл өңірге жыл он екі ай туристер легі толастамайды. Қыс қаһарына мінген желтоқсан айының өзінде мұнда сегіз демалыс орны тұрақты жұмыс істеп тұр. Ал жаңа жыл қарсаңында саяхатшылар саны еселеп артады деген болжам бар. Өйткені инфрақұрылым жылдан жылға жақсарып келеді.

Қаныш Әбиев, демалыс аймағының басшысы:

- Қазір қысқы мерзімге дайынбыз, бір қабылдаған кезде 100 адам қабылдай аламыз. Адамдардың демалуына барлық жағдай жасалып жатыр. Қазіргі айтып отырған кешеніміз ол жаңадан салынған кешен. Ішінде бассейні бар, саунасы хамамы барлығы бар ішінде. Енді қысқы мезгілге, демалысқа тоқтай кеткек біздің өңірде жаңа-жаңа дамып жатыр ол. Сондықтан оны дамытуға жағдайлар жасап жатырмыз.

Баянауылда атақты Қоңыр Әулие үңгірі, Кемпіртас, Торайғыр өңіріндегі Сәкен шыңы сияқты табиғаттың өзі сыйлаған бірегей ескерткіштер орналасқан. Бұл жерлерге саяхатшылар үшін арнайы туристік бағыттар ұйымдастырылады. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл сапар орталығының құрылысы басталды. Мұнда Баянауылға қатысты барлық қажетті ақпарат бір жерден ұсынылады. Саяхатап келгендер арнайы салынған мұнараға шығып сұлу табиғатты тамашалайды.

Қанат Сабық, Баянауыл ауданы туризм және спорт бөлімінің басшысы:

- Инвестициялық жобаларға тоқталатын болсақ осы жылы Жасыбай демалыс аймағында жыл бойы жұмыс істейтін демалыс үйінің құрылысы жүзеге асырылды. Жалпы инвестиция көлемі 1,5 млрд теңге. Ол 100 төсек орынды қамтиды және де Сабындыкөл демалыс аймағында осы жылы жыл бойы жұмыс істейтін демалыс корпусы салынып жатыр. Жобаның аяқталуы 2026 жылға жоспарлануда.

Тағы бір танымал туристік бағыт – Мырзашоқы тау-шаңғы кешені. Бұл ұзындығы 960 метрлік арқан жолы бар демалыс нысаны. Әсіресе экстремалды спорт түрін ұнататындар үшін қызықты. Олар аспалы жол арқылы таудың шыңына көтеріліп, шаңғымен төмен қарай құлдилайды. Ал балалар мен отбасылық демалысты қалайтындар үшін арнайы сырғанақтар, шаңғы тебуге және шанамен сырғанауға қолайлы алаңдар жасақталған. Туристер Астана қаласы, Қарағанды және Павлодар облысынан келеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков