Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палатаның кезекті отырысы өтті. Онда сенаторлар 9 заңды қарап, мақұлдады. Сондай-ақ депутаттар Үкіметке ауылдық аумақтарды дамыту, ұлттық бағдарламалар мен жобаларды іске асыру мәселелеріне қатысты сауалдарын жолдап, оған Премьер-министрдің орынбасары жауап берді.
Жер қойнауын игеруге инвесторлар тартылады
Алдымен депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады. Отырыста атап өтілгендей, заң жер қойнауын игеруге инвестициялар тарту бөлігінде жер қойнауын пайдалану жүйесін одан әрі жетілдіруге, жер қойнауын пайдалану үдерістерінің ашықтығы мен цифрландырылуын арттыруға бағытталған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген бұл заңның міндеті – еліміздің минералдық-шикізаттық базасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осы мақсатпен жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық жүйесі ретінде қолданылатын Бірыңғай платформаның қызметі реттеліп отыр. Геология саласындағы мемлекеттік басқаруды және инвестициялық артықшылық тетіктерін жетілдіруге арналған нормалар да бар. Экологиялық тәуекелдерді жою мәселесі де назардан тыс қалмады. Жалпы, заң жер қойнауын пайдаланудың ашықтығы мен саланы цифрландыруды арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деп М.Әшімбаев мақұлданған заң жөнінде пікір білдірді.
Заңдағы жаңа нормаға сәйкес ірі өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыратын стратегиялық инвесторларға пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіруге құқық беріледі.
Отырыста қаралып, мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген. Құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару, жер пайдалану құқықтарын мұраға қалдыру, сондай-ақ алименттік міндеттемелерді орындау мәселелерін қамтиды.
«Қаралған заң Конституциялық Соттың шешімдерін іске асырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды көздейді. Осы мақсатпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды, мемлекеттік қызметті және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтаруды реттейтін заңдардың ережелері қайта қаралып, жетілдірілді. Енгізілген түзетулер заңдылық қағидатын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қосымша қорғалуына оң әсерін тигізбек», деді Сенат төрағасы.
Ал депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Онда тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға білім беру мен сауықтыру қызметтерін көрсететін қосымша білім беру ұйымдарының қызметін жетілдіру жөніндегі бірқатар маңызды норма қарастырылған.
«Парламент депутаттары бастамашы болған заң тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауды және білім беру, сауықтыру қызметтері саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Түзетулер аясында Ұлттық археологиялық қызметтің міндеттерін айқындайтын ережелер қарастырылды. Осы саладағы арнайы ақпараттық жүйені қолдану ерекшеліктері де белгіленді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарының қызметін жетілдіруге арналған нормалар бар. Заң тарихи-мәдени мұра объектілерін қосымша қорғауға, оларды тиімді пайдалануға, балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз етуге септігін тигізеді», деді палата спикері.
ЛГБТ насихатына тыйым салынады
Сенаторлар қарап, мақұлдаған заңның бірі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Бұл құжаттағы маңызды міндеттердің бірі балалардың психикалық, моральдық дамуын қорғау екенін атап өткен жөн. Өскелең ұрпақтың психикасын күмәнді ақпараттан қорғау үшін заңда бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация желілері мен онлайн-платформаларда педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттайтын ақпарат орналастыруға тыйым салынады.
Заң құжаттарды цифрлық мұрағатқа сақтауға беріп, оның жүргізу тәртібін де регламенттейді. Енді еліміздің тарихи-мәдени мұрасының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеке және заңды тұлғалардың бірлесіп қаржыландыруды қоса алғанда, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жасалатын, тарихи-мәдени, ғылыми құндылығы бар аудиовизуалды құжаттардың міндетті даналары мемлекеттік архивтерге беріледі.
Отырыс барысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заңы да екі оқылымда қаралды. Аталған құжат энергетикалық қуатты қолдауға, халық пен кәсіпорындардың экономикалық мүдделерін қорғауға арналған. Сенаторлар атап өткендей, заң қаражатты аса маңызды қажеттіліктерге қайта бөлуге, өндірістік қызметті қолдап, жақсартуға, әлеуметтік міндеттемелерді орындауға қаражатты қайта инвестициялауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутаттар «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңды, оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы және Қазақстан Республикасы заңнамасының жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. М.Әшімбаев атап өткендей, бұл заңдар азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін арттыруға, заңға бағынатын тәртіп, зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтарға төзбеушілікті қалыптастыруға, қоғамның құқықтық тәртіп институттарына деген сенімін нығайтуға жол ашады.
«Президент биылғы Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекетіміздің мызғымас тұғыры екенін айрықша атап өтті. Қаралған заң – қоғамда осы қағиданы орнықтырудың маңызды құқықтық тетігі. Заңның басты міндеті – құқық бұзушылықтың алдын алуда адам құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Осыған байланысты жаңа жеке заң аясында құқық бұзушылық профилактикасына жауапты мемлекеттік органдар айқындалып отыр. Олардың құзыреттері жан-жақты реттелген. Ілеспе заңдардың аясында негізгі заңды жүзеге асыруға арналған, сондай-ақ өзге де маңызды нормалар топтамасы қамтылды. Заң құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіруге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізеді», деді М.Әшімбаев.
Ал «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» және «Жол жүрісі туралы» заңдарға енгізілген түзетулерге сәйкес жол қозғалысына қатысушыларды жалға берілетін электрсамокаттар жүргізушісінің заңсыз әрекеттерінен қорғауға баса мән беріліп отыр. Осы мақсатпен электрсамокаттар азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруы қажет көлік құралдарының қатарына қосылады. Бұған қоса самокаттарды жалға берушілерге бірқатар міндет жүктелді. Атап айтқанда, электрсамокаттарға тіркеу нөмірін беру, орналастыру арқылы есепке алуды жүргізу, пайдаланушыларды сәйкестендіруді, олардың жарамды жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруді қамтамасыз ету, 18 жасқа толмаған және көлік құралдарын басқару құқығы жоқ немесе одан айырылған адамдардың электрсамокаттарын жолдың жүру бөлігінде жалға алуына, басқаруына жол бермеу, сондай-ақ басқа да міндеттер қарастырылған.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы енгізілген тағы бір жаңашылдық ретінде қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім кию туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алғашында ескертумен шектелсе, қайталап жасағаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынбақ. Сондай-ақ заңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, рецидивтік қылмыстың, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың, экономикалық құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, балалардың қадағалаусыз, панасыз қалуының алдын алу ерекшеліктері назарға алынған.
Ауылға арналған бағдарламалар бар
Сонымен қатар палата отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев сенаторлардың депутаттық сауалдарына жауап берді. Айта кетейік, бұған дейін Сенат депутаттары Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаражаттың пайдаланылуын бақылауға, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының жекелеген ережелерін іске асыруға қатысты сауалдарын жолдаған еді.
«Еңбек нарығының қажеттілігі жылына бірнеше рет айқындалып, түзетіліп отырады. Мемлекеттік білім гранттарын «Дипломмен –ауылға!» бағдарламасымен байланыстыру бүгінде артық деп ойлаймын. Өйткені бала университетке түсіп, 4 жыл оқиды. Ал сол уақытта ауылда аталған қожалық жұмыс істей ме, істемей ме, маман қажет бола ма? Өйткені 4 жыл ішінде қажетті маман келетін шығар. Ауылдағы бизнеске «Дипломмен – ауылға!» жобасы арқылы емес, басқа бағдарламалар арқылы жеңілдіктер әзірлеуге болады. Бұл бағытта жұмыс істейміз», деді Қ.Бозымбаев.
Сенат төрағасының айтуынша, ауылдарды дамыту экономикалық, әлеуметтік, мәдени маңызымен қатар еліміздің өркендеуі жолында стратегиялық мәнге ие. Мемлекет басшысы Жолдауында бұл саланы ілгерілетудің басым бағыт екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан М.Әшімбаев сенаторлар көтерген мәселені шешу үшін кешенді тәсіл мен жіті назар қажет екенін айтты.
«Президент ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының сайланғаннан кейінгі алғашқы Жарлықтарының бірі ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын бекітуге арналғаны да белгілі. Сенаторлар ауылда сапалы инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіз екенін, әлеуметтік нысандардың жағдайын, жол мәселелерін көтерді. Тиісті бағдарламаларға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалану, төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыру, шекара маңындағы ауылдардың болашағы мен кадр тапшылығы да назардан тыс қалған жоқ. Бәріміз бірлесіп, Президенттің осы салада берген тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз етеміз деп сенемін», деп М.Әшімбаев Премьер-министрдің орынбасарына алғыс білдірді.