Орталықтар Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні, яғни 1,7,9 мамырда жұмыс істемейді
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамыр айындағы мерекелік күндердегі жұмыс кестесін хабарлады.
— Орталықтар Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні, яғни 1,7,9 мамырда жұмыс істемейді.
2 және 11 мамыр — кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар үшін жұмыс күні. Бұл күндері халыққа қызмет көрсету орталықтары 9:00–ден 13:00–ге жұмыс істейді, мамандандырылған ХҚКО-ларда өтініштерді қабылдау 12:00–ге дейін жүзеге асады, ал дайын құжаттарды 13:00–ге дейін алып кетуге болады, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, мереке күндерінен басқа уақытта барлық ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар, оның ішінде кезекші бөлімшелер де, әдеттегі жұмыс кестесі бойынша қызмет көрсетеді.
Кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың тізімін 1414 нөмірі арқылы білуге болады.