Астанада «Қызмет» салалық кәсіподағының XII съезі өтті, деп хабарлайды 24kz.

Әр бес жыл сайын өтетін жиында мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет ұйымдары еңбеккерлерінің жай-күйі мен оларға жасалатын жағдайлар талқыға түсті. Съезде тағы нендей мәселелер талқыланды?

Альмира Оразбай, тілші:

- Мемлекеттік қызметшілерден бөлек өзге сала мамандарының құқықтары мен мүдделерін қорғайтын кәсіподақтың осы уақытқа дейін атқарған жұмысы аз емес. Бүгінде оған 100 мыңнан астам адам мүшелік етіп отыр. Әрбір маманның біліктілігін арттыру – ұйымның басым бағыттарының бірі. Соңғы 5 жылда кәсіподаққа мүше 30 мыңға жуық қызметкер оқу курстарынан өткен. Сондай-ақ жылына бір рет тегін емделуге мүмкіндік алады.

Мирболат Жақыпов, «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы:

- Біздің кәсіподақтың санаторийлары бар. Басқа да санаторияларға барады. Біз жолдама береміз, оның жеңілдіктерін береміз. Оқытамыз. Оқыту ол да бір үлкен жұмысымыздың саласы. Неге десеңіз, мына жұмыс берушілермен біздің кәсіподақ комитеттері жұмыс істейді. солармен келіссөз жүргізеді. Сол келіссөз арқасында келісімшарт, ұжымшарт болады. Сол ұжымшарттың ішінде барлық нәрселерді кіргіземіз.

Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп белгіленді. Бұл тұста кәсіподақ осы еңбеккерлердің жағдайын жақсартуға басымдық беріп отыр. Әсіресе, заң тұрғысында кеңес беріп, мамандардың тиісті әлеуметтік төлемдерін кедергісіз алуына көмектесуді жоспарлаған.

Мұрат Бердалиев, Тараз қалалық №2 арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну орталығының директоры:

- Жұмысты атқарып жатқан сол жұмысшы қызметкерлері. Сондықтан жұмысшы қызметкерлеріне қолдан келгенше қолдауымыз бар, үстемақыларды береміз. Оның үстіне мен басқарып отырған мекеме осы кәсіподақ үздігі, үздік кәсіподақ ұйымы болып танылды. Бәрі біледі: кәсіподақ бар жерде қолдау бар. Сондықтан жұмысқа тұрған күннен бастап барлығы кәсіподаққа өз еркімен кіреді.

Биыл «Қызмет» салалық кәсіподағына 98 жыл толып отыр. Ұйымның алдағы міндеті – кәсіподақ қатарындағы мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ақылбек Есімсеитов