Ақтөбе облысында енді ғана дүниеге келген киік төлдеріне GPS-датчик орнатылған арнайы сырғалар тағылып жатыр


Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«24kz» телеарнасының мәліметінше, мамандар киіктердің көшу жолдарын бақылау үшін сырғаның екі түрін қолданады: кәдімгі сырға аталықтарға тағылады, ал GPS-датчигі бар сырға аналықтарға орнатылады.

«Датчик күн батареясы арқылы жұмыс істейді және жануардың көшу бағытын үш жыл бойы бақылауға мүмкіндік береді», – делінген сюжетте.

Датчиктің салмағы – 32 грамм. Ол киіктің орналасқан жері туралы сигналды тәулігіне төрт рет жібереді.

«Жақында бір киік төлі біз оны тапқан жерден 7 шақырым қашықтықта белсенділік көрсетті. Бұл киік төлдерінің күн сайын күшейіп келе жатқанын, яғни белсенділігі артып, аналықтарының соңынан еріп жүргенін білдіреді», – деді Батыс Қазақстан өңірлік ҮЕҰ қауымдастығы «Табиғи орта» ұйымының директоры Айбат Музбай.

Қазір Зоология институтының қызметкерлері үш ауданның шекаралас аумағында жұмыс жүргізіп жатыр:

  • Мұғалжар;
  • Байғанин;
  • Шалқар аудандары.

Бұл аумақта киіктің Үстірт популяциясы таралған. Төлдеу кезеңінде жануарларды бақылап, қорғауды «Охотзоопром» мамандары қамтамасыз етеді.