Денсаулық сақтау министрлігі фармацевтика саласына 360 млрд теңгелік инвестиция тартылғанын мәлімдеді.
Қазақстанда отандық дәрі-дәрмек өндірушілерінің үлесі заттай көрсеткіш бойынша 39,8%-ға жетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Вице-министрдің мәліметінше, көрсеткіш дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы расталған. Аталған жүйе нарық құрылымын нақты бағалауға және дәрі-дәрмек айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тимур Мұратов Қазақстанның бұл бағыттағы нәтижелері Германия, Франция және АҚШ секілді дамыған елдердің деңгейімен салыстыруға келетінін атап өтті.
Оның айтуынша, мұндай нәтижеге отандық өндірісті дамыту, локализацияны қолдау, ұзақмерзімді келісімшарттар жасау, инвестиция тарту және реттеу тетіктерін жетілдіру арқылы қол жеткізілген.
Сондай-ақ 2025 жылдың соңынан бері Қазақстанның фармацевтика саласында жалпы құны шамамен 360 млрд теңгені құрайтын жеті ірі инвестициялық келісім жасалған.
Жаңа жобалар аясында дәрілік заттар мен медициналық өнімдердің 500-ге жуық жаңа түрін шығару және мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Вице-министр отандық фармацевтиканы дамыту елдің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен азаматтарды сапалы препараттармен қамту үшін маңызды екенін айтты.