Нұрсұлтан Назарбаевтың елден кеткені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Қазақстанның бұрынғы президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге жасаған сапары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездескенін жазғанбыз.

"БАҚ-тан келіп түскен сұрауларға сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге жасаған сапары жеке, бейресми сипатқа ие болғанын хабарлаймын. Оны Владимир Путинмен көпжылдық, достық қарым-қатынас байланыстырады. Бұл мемлекеттік өкілеттіктердің болуына немесе болмауына қарамастан сақталып отыр.

Бірінші Президент әлемдік көшбасшылардың бірқатарымен байланыста. Оған телефон арқылы әңгімелесу, жеке хат алмасулар және жеке кездесулер жатады. Бұл Ресейге ғана емес, сондай-ақ Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Беларусь және басқа да елдерге қатысты. Мұндай өзара әрекеттесу форматы халықаралық тәжірибеге сай келеді", — деді Айдос Үкібай.

Оның айтуынша, дипломатиялық тәжірибеде мемлекеттік лауазымдарды атқармайтын беделді саяси тұлғалармен жеке кездесулер өткізу қалыпты дүние болып саналады.

"Мәселен, Ресей Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен күні Жапонияның марқұм Премьер-министрі Синдзо Абэнің жесірі Акиэ Абэмен де жеке кездесу өткізді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары туралы айтсақ, ол Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған іс-шараларға шақырту алған еді. Алайда объективті себептерге байланысты ресми мереке күндері қатыса алмады және Мәскеуге кейін жеке барды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда тұрақты тұратынын атап өткім келеді. Оның елден кеткені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", — деді Қазақстанның бұрынғы президентінің баспасөз хатшысы.