Ташкентте Халықаралық табиғатты қорғау одағының Орталық Азия бойынша кеңсесі ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Жоба аймақтағы экологиялық түйткілдерді терең зерттеп, мәселелерді алдын алуға мүмкіндік бермек. Кеңсе сарапшылары аймақтағы ауа сапасы, арал тағдыры, Қызыл Кітапқа енген аң-құстардың ортақ базасын жасауға атсалыспақ. Салтанатты жиынға халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері келді.

Орталық Азияның экологиялық мәселесі күрделі және ол жылдан жылға ушығып барады. Мемлекет басшыларының кездесулерінде де табиғатты қорғау тақырыбы күн тәртібінен түскен емес. Халықаралық одақ аймақтағы түйткілдердің түйінін шешуге атсалысады. Кеңсе алдында үлкен тәуекелдерді еңсеру міндеті тұр.

Дмитрий Горшков, Халықаралық табиғатты қорғау одағының Орталық Азиядағы үйлестірушісі:

- Халықаралық табиғатты қорғау одағының экология саласында көпжылдық тәжірибесі бар. Біздің сарапшылар мен ғалымдарымыз табиғатқа қатысты туындаған мәселелердің шешу жолдарын біледі. Ұйым өз жұмысын бастап кетті. Ал кеңсенің ашылуы Орталық Азияның экологиясын тереңнен зерттеуге мүмкіндік береді. Арал мәселесінің өзекті екенінен хабардармыз. Аймақта кешенді жұмыстар жүргізіледі.

Сарапшылардың есебінше, Орталық Азияда өңделетін жерлердің 10%-і, жайылымдық алқаптардың 40%-і, ормандардың 8%-інде топырақ құнарын жоғалту процесі анықталған. Халықаралық табиғатты қорғау одағының кеңсесі салада кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізбек.

Иброхимбек Машрабалиев, Орталық Азиядағы табиғатты қорғау және климаттың өзгеруін оқу туралы университеттің бөлім басшысы:

- Экологиялық кеңсе үйлестіруші қызметін ғана емес, сарапшылардың басын біріктіретін орталық болады. Ғалымдардың жобаларын халықаралық ұйымдарға ұсынып, табиғатты қорғаудың тың бастамаларын көтеруге жұмыс істейді. Қызыл кітапқа енген аң-құстарды зерттеп, жаңа мәліметтер базасын қалыптастыру көзделіп отыр.

Орталық Азиядағы кеңсенің ашылуына халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері келді. Сарапшылар тың жоба аймақтағы күрделі мәселелерді алдын алуға себепші болады деген сенімде.

Авторы: Дулат Нуркин