Биылғы 4 айда өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар құны 9 трлн теңгеге жуық өнім өндірді.
Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 7,2% жоғары. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағасбаев машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс, жиһаз өндірісі салаларында өсім жақсарғанын жеткізді. Сонымен қатар металлургия, электрондық және жеңіл өнеркәсіп салаларында импорт төмендеп, отандық өндіріс көлемі ұлғайды. Тақырып бүгін Үкімет отырысында қаралған еді. Сатып алу саласында отандық тауарларға басымдық беріліп отыр. 5 айда мемлекеттік органдар жергілікті өндірушілермен 300 миллиард теңгеге келісім-шарттар жасасқан.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Отандық өндірістің дамуы экономикалық өсімнің негізі болып табылады. Мемлекет басшысы аталған бағыттың маңыздылығына ерекше мән беріп келеді. Үкімет қазақстандық тауар өндірушілер бәсекеге қабілетті болуы үшін олардың өндірістік жүктемесін арттыруға бағытталған елшілік құндылықтарды дамыту тетіктерін іске қосуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылдан бастап өңдеуші сектор өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласын басып озғанын атап көрсетуге болады. Осы қарқынды үдете түсу керек.
Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі 1 қаңтарда іске қосылады
Қазір мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалып жатыр. Үкімет басшысы цифрлық базаны келер жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырды. Алдағы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар өнімді сатып алуда осы тізімге енген өндірушілерге басымдық береді.
Айдар Қожахметов, "Qazindustry" қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Отандық тауар өндірушіні айқындау толыққанды үкімет тарапынан ҚР ӨҚМ тарапынан жүргізілетін болады. Бұл тізілімнің ең негізгі мақсаты бізде қазіргі жүйеміз, көп шикіліктер пайда бола бастады. Ол жаңағы индустриялдық сертификаттарды сатып алу мәселелері, көп шағымдар түсті бизнес тарапынан. Құзырлы мем органдар тарапынан тексерістер жүргізілді, сұрақтардың барлығы айқындалып, осы өзгертулер заманға сәйкес талаптарына сай Бірыңғай мемлекеттік реестр құрылатын болады.