Республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тас жолы әбден тозған. Ұзындығы 500 шақырымды құрайтын жол осыдан 20 жыл бұрын пайдалануға берілген еді. Қазіргі сапасы мүлдем сын көтермейді. Жылда жамағанмен қайта бүлініп жатыр. Салдарынан жүргізушілер зардап шегуде. Тіпті соңғы кездері жол апаты да жиілеп кеткен.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тас жолының бүгінгі сыйқы осы. Ойлы-қырлы, шұңқыр-тесік жол діттеген жеріңе жеткенше діңкеңді құртады дейді жүргізушілер. Қаладан Индерге 170 шақырымды еңсеру үшін тұрғындар бұрын бір жарым-екі сағат жүретін. Қазір кәміл үш сағат уақыт кетеді.

Екі облысты жалғайтын күре жол соңғы бес жылдықта әбден тозды. Тұрғындар 500 шақырым жерге құдды бір 5 мың шақырым жүргендей зорығып, әрең жетеді. «Жол азабын жүрген білер» демекші солардың бірі Самат Нағимов. Көз алдымызда бір дөңгелегі жарылып, жиекке тұра қалды.

Самат Нағимов, Өрлік ауылының тұрғыны:

Атыраудан осы көлікпен халықтың сұранысы бойынша заттарын әкеліп береміз. Сонда осылай дөңгелек жарылып, бейнет көреміз. Жолдың жағдайын бәрі көріп отырған болар. Біз ештеңе емес, үлкен көлікпен шетел азаматтары жүреді. Олар да көбіне жолда тұрады. Жолдың кесірінен сынып тұрады. Қазақ болғасын көмектесіп жібереміз.

Былтырғы тасқын кезінде бүлінген кей аумақтар әлі сол күйі жатыр. Оның ішінде елді мекендердің кірме жолдары да бар. Мәселен Талдыкөл ауылының 6 шақырым жолының құрылысы 2 жылдан бері әлі бітер емес. Жазда шаң, қысты күндері балшықтан көз ашпаған тұрғындар базыналарын жеткізді.

Жанболат Ысқақов, Талдыкөл ауылының тұрғыны:

Ауылдың 70-80 пайызы қалада жұмыс істейді. Қазір студенттер босап жатыр. Қалғаны екі ортаға қатынап жұмыста жүреді. Бір күн жаңбыр жауса, ауылға кіріп шығу мүмкін емес.

Жобаға түзету енгізіліп, жұмыстар жаңа жанданып жатыр. Құны 5 млрд теңгені құрайтын кірме жолдағы қозғалыс күзге қарай реттеледі.

Гүларман Құрманова, жоба меңгерушісі:

Бұл жоба осы жылдың аяғына қарай аяқталуы керек. Қараша-желтоқсан айына қарай аяқтаймыз.

Ауыл мәселесі облыс деңгейінде шешілер. Ал республикалық жолдың тағдыры әлі белгісіз. Жауаптылар биыл «Атырау-Орал» тас жолының тек 190 шақырымына орташа жөндеу жүргізілетінін алға тартты.

Бахтияр Жанатаев, Автомобиль жолдары комитеті пайдалануға беру басқармасының бас сарапшысы:

Техникалық құжаттама әзірленіп, ведомстволық сараптамадан өткен соң жалпы құны анықталады. Жобаны 2025-2026 жылдары іске асырамыз.

Әзірге тұрғындарға тозығы жеткен жолмен қатынай тұруына тура келеді. Ал мұнда қашан күрделі жөндеу жүргізілетіні белгісіз.

Нұрсұлтан Нұрсейіт