Биыл Абай облысында инфрақұрылым мен қоғамдық орындарды жаңарту бағытында ауқымды жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24kz.

Мысалы Мақаншы ауданында екі саябақта күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Аудандық маңызы бар жолдың шамамен 50 шақырымына жаңадан асфальт төселеді.

Жеңіс саябағы – бабалардың ерлігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп тұрған қасиетті орын. 1970 жылдары салынған нысан. Содан бері жөндеу көрмеген. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай саябаққа қайта жан бітуде.

Ержан Нұрбеков, мердігер ұйым өкілі:

- Жиырма жұмысшы күндіз-түні істеп жатырмыз. Техникаларымыз жұмыс істеп жатыр. Екі-үш бірлік техникамыз бар. Батыр бабаларымыздың монументі жаңарған. Тротуарлардың барлығы жаңартылып, ары қарай «Ұлы дала алаңы» деген саябақ болады.

Қазір құрылыстың 50 пайызы аяқталды. Жоба аясында ескерткіш маңы жаңартылып, демалыс аймағы қайта абаттандырылады. Бұл мақсатқа 70 миллионға жуық теңге бөлінген. Құрылыс жоспарға сай жүріп жатыр.

Аслан Құсайынов, Мақаншы аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімі басшысының м.а.:

- Жұмыстың сапасын тікелей өтінім беруші біз болғандықтан қадағалап отырмыз. Жұмыстар жүріп жатыр. Мамыр айында басталған болатын, 20 күннің ішінде көптеген өзгерістер болды. Ары қарай жұмыс жалғасады деген үміттеміз осылай қарқынды түрде.

Саябақтан өзге тұрғындарды жол мәселесі де алаңдатады. Ауыл арасы алыс болғандықтан, жол оңайға түспейді. Қазір бұл түйткіл шешімін таба бастады. Биыл шамамен 50 шақырым жол жөнделмек.

Аслан Құсайынов, Мақаншы аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімі басшысының м.а.:

- Ең маңызды деген мәселе ол Көктерек пен Көкталдың жолы болатын. 34 шақырым Көктеректің жолының 12,6 шақырымы биыл жөнделеді. Оған облыс қаражаты есебінен 587 млн теңге ақша бөлінді. Мердігер компаниялар анықталды. Қазіргі таңда Алакөл көлінің жолдарын жасап жатыр. Сол жақтан басталды.

Қазір кейбір учаскелерде асфальт төсеу жұмыстары басталып кетті. «Маңызды нысандар жаңарып, жол жөнделіп жатқаны ауылымыздың тыныс-тіршілігіне серпін береді», — дейді жұрт. «Бастысы – жұмыс сапалы әрі уақытылы аяқталса», - деген ниетте.

Блиц 1:

- Мақаншыда былтырдан бері негізі көп нәрселері өзгеріп жатыр. Жолдары жөнделіп жатыр. Көшелерге жарық тартқызған.

Блиц 2:

- Бұрынғыдай емес енді. Көп-көрім нәрселер бар. Жұмыс орындары көбейіп жатыр. Бұрын жұмыс орындары болмайтын. Қазір көбейіп жатыр. Жалпы жақсы. Көшелеріміз тазаланып жатыр.

Жалпы биыл Абай облысында аудандық маңызы бар 113 шақырым жол жөнделеді деп жоспарланған.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы