16 маусымнан бастап тұрғын үйге несие берілмейтіні рас па? Ипотеканың шекті мөлшерлемесі 25%-дан 20%-ға дейін төмендейтіні туралы жаңалық шыққалы, тақырып төңірегінде түрлі қауесет тарады. Риэлторлар алдағы дүйсенбіге дейін несие рәсімдеп үлгеріңіз деп халықты ипотека алуға итермелеп жатыр. Баспана алуға қамданған тұрғындар банктер өтініш қабылдауды тоқтата ма деп алаңдаулы. Алайда кәсіби сарапшылар даурығуға негіз жоқ дейді.

Айбар Олжай, экономист:

Бұл спекуляциялар риэлтордың «қазір алып үлгеріп қалыңыздар,сосын банктер бермей қояды» деген сияқты айла-тәсілі болуы мүмкін. Ипотеканы тоқтату үшін арнайы бір ереже мен заң керек. Оны алдын-ала біліп, депутаттар, тағы да басқа белсенділер талқылап, шу болып жатар едік. Сондықтан ипотека бұл біздің банктік өнім, кредиттің негізгі түрі. Сондықтан оны ешкім тоқтатпайды ғой.

Бұл мәліметке қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк өкілдері пікір білдіруден бас тартты. Жаңа қаулының арқасында артық төлем қысқарады. Бұл бұрын алынған ипотекаға да қатысты. Егер қазіргі мөлшерлемеңіз 20%-дан жоғары болса, қайта қаржыландыруға өтініш беруге болады. Бірақ елдегі тұрғын үй несиелерінің басым көпішілігі бұл көрсеткіштен төмен. Сондықтан айтарлықтай өзгеріс жоқ, тек банктер несие беру шарттарын өзгертуі мүмкін.

Жеңіс Шәріпұлы, тұрғын үй нарығының сарапшысы:

Өйткені мөлшерлеменің азаюы олардың кірістерін, табыстарын азайтады. Былай қарасаң олар басқа шаралар қолдануы мүмкін. Мысалы, бастапқы жарнаны көбейтуі мүмкін 20%, 40% деп көбейтуі мүмкін. Өздеріңіз көргендей олардың табыстарын азайтады.

Ернұр Медет