Тарихи оқиға. Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы Азия чемпионы атанды. Қытайда өткен сары құрлық бәсекесінде жарыс қожайындарын 3:2 есебімен жеңді. Осылайша пара спортшыларымыз 2026 жылы Қытайда өтетін Әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. Ал кеше Алматы жұрты ел мерейін үстем еткен жеңімпаз жігіттерді күтіп алды.

Біріншілік барысында Ұлттық құрама іріктеу кезеңінде-ақ өзінің мықты екенін дәлелдеді. Сауд Арабиясы, Жапония және Аустралия командаларын, ал жартылай финалда Таиланд құрамасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, финалға шықты. Шешуші сында Қытай құрамасын жеңді. Жарыстың қоласы Таиланд құрамасына бұйырды. Додада жоғары шеберлік көрсеткен Ерік Қасқабаев – үздік доп беруші, Шыңғыс Медеуов – үздік либеро, ал Алмат Оспанов – үздік блок қоюшы атанды.

Бауыржан Сартаев, отырып ойнау волейболынан Ұлттық құрама командасының капитаны:

Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Осы Азия чемпионатына 8 команда қатысты, 2 топқа бөлінді. Алғаш рет Азия чемпионы болып жатырмыз. Көңіл күй өте керемет. Мұны сөзбен жеткізе алмаймыз, шыны керек. Енді биылғы жылдың аяғында Әлем кубогі бар, Америкада өтеді. Соған дайындаламыз енді.

Асылбек Данияр