Өскемендегі Дәулет Серікбаев атындағы техникалық университет құрамындағы «Алтай» технопаркінің ғимараты мен құны 1,5 млрд теңге болатын 1,3 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жоғарғы оқу орнының бұрынғы проректоры 2018-2020 жылдары заңсыз түрде технопарктің мемлекетке тиесілі үлесін жеке меншікке өткізген. Яғни жарғылық капиталдың 78 пайызын сатып жіберген. Президенттің заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасы аясында, прокуратураның үйлестіруімен Қаржылық мониторинг Агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті «Алтай» технопаркіндегі 100% үлесін университеттің өзіне қайтарды. Қазір осы іс бойынша әлі тергеу жүріп жатыр.

Еркебұлан Мусин, облыстық экономикалық тергеп-тексеру Департаментінің басқарма басшысы:

Қайтарылған активтер алдағы уақытта зертхана және оқу қорларын орналастыруға, сондай-ақ травматология, ортопедия және онкологиялық протездер саласында арналған өнім өндіретін медициналық инновациялық кластерді дамытуға бағытталады. Агенттік ол бағытта жұмысты қолданыстағы заңнама аясында жүйелі түрде жалғастырады.

Олжас Керейхан