Чилидегі обсерватория әлемдегі ең ірі камераны қолданып, аспанды 10 жыл бойы түсірмек . Ал Қытайдың Xiaomi компаниясы жуырда жаңа көлігіне тапсырыс қабылдайды.

Чилидегі Вера Рубин обсерваториясы алдағы 10 жыл бойы түнгі аспанды түсіреді. Оған салмағы 2,5 тоннадан асатын, ал сапасы 3200 мегапиксельге жететін адамзат жасаған ең ірі цифрлық камера көмектеспек. Ғалымдардың айтуынша, бұл жоба аспандағы беймәлім нысандарды анықтап, ғарыш бейнесінің жаңа қырын ашпақ.

Кэтрин Хейманс, Эдинбург университетінің профессоры:

Аспанды қайта-қайта көріп отырғандықтан, қозғалып жатқан нысандарды да байқай аламыз. Бұл миссияның басты ғылыми мақсаттарының бірі — ғарыштағы барлық астероидты картаға түсіріп, олардың бағытын, қозғалыс траекториясын анықтау.

Зерттеу орталығы күн сайын 20 терабайт көлемінде мәлімет жинап, деректер Шотландия, Франция және АҚШ-та талданады. Ал 10 жылдық еңбектің нәтижесі барлық ғалымға қолжетімді болады.

Жуырда Xiaomi-дің жаңа көлігі шығады

Қытайлық Xiaomi компаниясы маусым айының соңында өзінің жаңа YU7 көлігіне тапсырыс қабылдай бастайды. Бұл туралы компанияның бас директоры желіде хабарлады. Жаңа модель – спорттық стильде жасалған әрі жол талғамайды. Кей басылымдар бұл көлікті Tesla өнімімен жиі салыстырады. Оған лайықты бәсекелес болатынын жазады.

Facebook-тегі видеолар Reels форматына көшеді

Facebook желісіндегі барлық видео енді Reels болып, яғни 9:16 форматында жарияланады. Бұл туралы желінің өзі кеше хабарлады. Өзгеріс бейнені бөлісу кезінде бірізділікті сақтау үшін жасалмақ. Айта кетейік, дәл осындай өзгеріс Instagram-да 2022 жылы болған.

Темірлан Нұржанұлы