Иран-Израиль шайқасының басталғанына бір аптаға жақындап қалды. Бұл әскери жанжалға Құрама Штаттар жексенбі күні килігуі мүмкін. Мұны «Bloomberg» агенттігі хабарлады.

Бүгін таңертең Иран Израильдің ірі қаласы Тель-Авивтің айналасы мен осы елдің оңтүстігіне зымырандармен соққы берді. Одан Рамат-Ган, Холон қалаларында ғимараттардың тас-талқаны шығып, Беэр-Шева шаһарында «Сорока» деген аурухана қираған. Бірақ Иран госпиnальді емес, әскери нысанды көздегенін хабарлады. Жалпы алғанда бүгін Иранның шабуылынан Израильде 89 адам жараланған.

Шломи Кодеш, «Сорока» медициналық орталығының бас директоры:

Бүгін таңғы сағат 07:00-лер шамасында біздің ғимараттардың біріне зымырандар түсті. Ракета хирургиялық бөлімге тиген. Осы соққының салдарынан өрт басталып, бірнеше палата толығымен қирады.

Бұл шабуылдан кейін Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеме жасап, Иранның рухани жетекшісі аятолла Хаменейдің енді өмір сүруге қақысы жоқ екенін жариялады.

Осындай шақта АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға шабуыл жасау жоспарын мақұлдады. Бірақ соңғы шешімді әлі қабылдай қоймаған. Себебі Трамп Тегеран өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартып қалады деп әлі үміттеніп отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Менде әрі қарай не істеу қажеттігі туралы идея бар. Бірақ ақырғы шешімді әзірге қабылдаған жоқпын. Себебі соғыс кезінде бәрі тез өзгеріп жатады ғой.

Дегенмен бірер сағат бұрын «Блумберг» агенттігі хабарлағандай, Құрама Штаттар Иранға алдағы демалыс күндері соққы беруге әзірленіп жатыр.

Израиль болса, соңғы тәулікте Ислам Республикасының Арак, Натанз, Исфахан қалаларындағы ядролық реактор мен уран байыту нысанына және басқа да объектілерге шабуыл жасаған. Ал ресейлік мамандар жұмыс істейтін Бушер АЭС-не снаряд тиді деген ақпарат әзірге расталмады.

Аятолла Әли Хаменей, Иранның жоғарғы басшысы:

Иран ұлты бұған дейінгідей өзіне таңылған соғысқа тағы да нық қарсы тұр. Және де Иран ұлты ешқашан ешкімге берілмек емес.

Иран мен Израиль арасындағы әуе шайқасы бүгін 7-күнге ұласты. Соғысты Израиль әуе күштері Иран ядролық бомба жасайды деген себеппен бастады. Тегеран атомдық бағдарламасының бейбіт мақсатты көздейтінін мәлімдеп келеді.

Соңғы мәліметке қарағанда, Израильдің шабуылдарынан жұмадан бері 585 адам мерт болды. Израиль 24 адам жоғалтқан.

Арыстан Рысбек