Өзбекстанда жасырын діни сауат ашу орындары көбейген. Онда негізінен кішкентай балалар оқытылады. Жуырда сондай бірнеше «білім ошағы» әшкере болды. Әндіжан облысының тұрғыны өз үйінің жертөлесінде 20 баланы заңсыз оқытып, осы үшін ата-анасынан ақша алып отырған. Ең сорақысы, буыны қатпаған баланы сабақ оқымағаны үшін соққының астына алатын жағдайлар да кездескен. Жергілікті дәрігерлер дабыл қаққан соң, мәселеге құқық қорғау органдары араласты. Тағы бір өңірде 44 жастағы әйел пәтерін діни оқу орнына айналдырған. Кәмелетке толмаған 16 баланы оқытқан. Ешбір лицензиясы жоқ, оқыту әдістері негізінен ұрып-соғудан тұрған. Үйдің шатырында, өзге де лас орындарда оқытылып келген жасөспірімдер құтқарылды. Бұл деректер бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылып жатыр. Ата- аналарға әкімшілік жаза тағайындалды.

Базаркүл Отыншиева