E-Qyzmet жүйесіне, жасанды интеллект енгізіледі . Астанада өткен адами ресурстарды басқару жөніндегі форумда мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды 24kz.
Шараға Орталық Азия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей және АҚШ елдерінен келген сарапшылар қатысты.
Қазір түрлі сала бюрократиядан арылып, сандық жүйеге көшіп жатыр. Бұл тұста мемлекеттік қызметтің де жетістігі бар. Мәселен E-Qyzmet жүйесіне жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ блокчейн және деректер базасын дамыта отырып, мемлекеттік басқару инфрақұрылымын жаңғырту мен кадрлардың біліктілігін арттыру да қолға алынған.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Жасанды интеллектіні E-Qyzmet-ке енгізу бойынша зертхана ашылды, сол зертхананың ішінде соны енгізу бойынша қазір жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Өзіміздің әдістерімізді, ойларымызды біздің әріптестермен бөлісеміз және олардан тың деректерді күтеміз. Сол тың деректерді алдағы уақытта біз өз жұмыстарымызға пайдаланамыз.
Мұндай ауқымды форумға Біріккен ұлттар ұйымының өкілдері, Орталық Азия мен Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей және АҚШ секілді бірқатар алпауыт елдің делегаттары қатысты. Олар біздің мемлекеттік қызмет саласындағы мамандармен тәжірибе алмасуға ниет білдірді.
Елде 2029 жылға дейінгі мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Ондағы міндеттерді іске асыру үшін халықаралық мамандармен бірге саланы цифрландыруға басымдық беріліп отыр.
Авторлары: Альмира Оразбай, Гульнара Ерманова