Қызылорда облысында жыл басынан бері полиция құрылымындағы иісшіл иттердің арқасында 112 қылмыс әшкереленген. Мұндай мықты көмекшілерді дайындайтын кинологтардың еңбегі ерен. Иттің тілін тапқан үздік инспекторлардың бірі — Азамат Пазылов. Ол Елай атты серігімен 70-тен аса есірткі тасымалдаушының жолын кескен.
Кинология ортағында 11 қызметтік ит бар. Бірі қылмыскердің ізін кессе, енді бірі жарылғыш заттардыіздестіруге бейімделген. Азамат Пазыловтың бельгиялық овчаркасы адамға айбат шекпейді. Бірақ, есірткі жасырған қылмыскерді алыстан сезеді. Білікті кинолог Елайды күшік кезінен өсіріп-баптап, 2017 жылдан бері жанына серік етіп келеді. Елай өте қырағы, айтқанды екі еткізбей, ым ишараны қапысыз түсінеді.
Азамат Пазылов, инспектор-кинолог:
Қызметтік итті үйрету оңай жұмыс деп айта алмаймын. Әрқайсысының мінезі әртүрлі болады. Соған иіліп, жұмыс істейміз. Ол маған түсіндіреді. Мен оған түсіндіре аламын. Егерде есірткі затын табатын болса, бірден маған қарайды. Егер мен көрмей тұрсам, маған қара деп мені түртеді.
Кинологтар қызметі әсіресе жол бойында маңызды. Облыс аумағында полицияның 4 блок бекеті бар. Құйтырқы жолмен есірткі тасымалдайтындарды инспекторлар көбіне қызметтік иттердің көмегімен анықтайды.
Маусым айынан бастап елімізде «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатыр. Осы 20 күн ішінде төрт аяқты көмекшілердің арқасында 22 қылмыстың ізі кесілген.
Серік Тоқтыбаев, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:
Жалпы қызметтік иттердің ішінде Елай есімді иті өте нәтижелі көрсеткіш беріп келе жатыр. Былтырғы жылы да қызметтік иттердің арасындағы сайыстан бірінші орын алған.
Лейтенант Пазылов жуырда Елаймен Алматы қаласында өтетін республикалық кинологтардың сайысына шақырту алды. Сайыстан олжалы оралу үшін олар жаттығуды бастайды.
Әділбек Серікұлы