Елде қылмыс саны жылдан жылға азайып келеді.
Көрсеткіш 2019 жылдан бері екі есе төмендеген. Өзге де сандардан серпіліс байқалады. Бірақ Қазақстан қауіпсіз елге айналды деп айтуға әлі ерте.
Бүгін Мемлекет басшысының төрағалығымен құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысы өтті. Президент саладағы түйіткілдерді жіпке тізіп, шешілмеген мәселелер қауіпсіздігімізге қатер төндіріп жатқанын мәлімдеді. Жастардың нашарқорлыққа әуестігіне алаңдаушылық білдіріп, экономиканың да күрмеуі көп екенін жеткізді.
Бүгін елде қос бірдей кәсіби мереке. Полицейлер мен Мемлекеттік қызметшілер күні аталып өтуде. Осыған орай, Қасым-Жомарт Тоқаев жиындағы сөзін жылы лебізбен бастады. Алайда отырыста салтанаттан гөрі салмақты мәселелер райы басымырақ. Президент күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанымызды айтты. Кеңейтілген алқада құқық қорғау органдарынан бастап, Үкімет пен Президент әкімшілігінің өкілдері бой көрсетті.
Мемлекет басшысы, алдымен, реформаларды жіпке тізді. Саланың негізгі көрсеткіштері жақсарған. 2019 жылдан бері қылмыс саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіру дерегі 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Тұрмыстық жанжал мен әйелдерге қатысты келеңсіз оқиғалар да сирей бастады.
2019 жылдан бері
Қылмыстық құқықбұзушылық – 2 есе ↓
Қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық – 4 есе ↓
Кісі өлтіруге қатысты қылмыстар – 30% ↓
Қоғамдық орындардағы қылмыс саны – 80% ↓
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Жалпы соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр.
Нашақорлыққа қарсы күрес те қарқынды. Биыл 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған психотропты заттың көлемі 84 пайызға ұлғайды. Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Бірақ мұнымен мәселе шешілді деп айта алмаймыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірақ бұл саладағы жұмыс әлі де толығымен біткен жоқ, түйткілдер жеткілікті, шешілмеген мәселелер еліміздің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына сын-қатер төндіруде. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ең қауіпті үрдіс: жастар нашақорлыққа үйір бола бастады. Бұл үлкен қатер, оны жасырмауымыз керек.
«Заң және тәртіп» қағидаты
Енді ортақ мақсат – Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру. Президент осы жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқталды. Алғашқысы «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеу. Әсіресе мектеп қабырғасындағы жұмысты күшейтіп, ата-ана мен білім жүйесі атсалысу керек. Президент үкіметке тиісті тапсырма беріп, балалар мектептен Адал азамат болып шығу қажет деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысын қайта зерделеп қарауы керек. Жас ұрпақты заңды сыйлауға үйрету мәселесіне баса мән берген жөн. Балалар мектептен адал азамат болып шығуы қажет.
Президент қылмысқа түрткі болатын себептерді жоюды тапсырды
Мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу қажет. Президент ұсынған екінші бағыт осы сөзді қуаттайды. Қазір құқық бұзушылықтың алдын алуға қатысты Заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құжат мемлекеттік саясатты біріздендіріп, профилактикалық шаралармен қамтылатын тұлғалардың санатын кеңейтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұндай заң сөзсіз керек. Сондықтан мейлінше тез қабылдау қажет. Парламент депутаттарынан заң жобасын жылдың соңына дейін қарап, қабылдауды сұраймын. Заңнамалық өзгерістермен қатар ұйымдық құрылымды да жаңғырту қажет. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді.
Енді құзырлы орган келеңсіз оқиғалардың қауіпін болжап, оны уақытында ауыздықтауға жұмыс істеуі керек. Президент бұл іске жасанды интеллект пен «үлкен дерекқор» мүмкіндіктерін жұмылдыруды тапсырды. Демек, қауіпсіздікті қорғауға цифрлық технологиялар жұмылдырылады. Мемлекет басшысы жұмыс үдерісін барынша цифрландыру туралы тапсырма берді. Айтпақшы, отырыста көтерілген «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу туралы бастама да осы цифрландыру арқылы жүзеге асады. Мұндай жағдайда қаладағы бейнебақылау құралдары адамның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көліктер де есепке алады. Түйіні тарқамаған тағы бір мәселе бар. Ол — интернет және телефон алаяқтығының алдын алу. Президент азаматтардың жеке мәліметтерінің сенімді жерде сақталуына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аталған мәселенің бір ұшы бақылаусыз сим-карта айналымына келіп тіреледі. Тек биылдың өзінде сим-карталарды басқа біреудің атына рәсімдеген 100 мыңға жуық факті анықталды. Нөмірлерді түрлі қылмыстық мақсатқа пайдаланады. Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырамын.
Қылмыстық-атқару жүйесі жетілдіріледі
Келесі міндет – қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру. Яғни сотталған адамды қоғамнан алшақтатпай, керісінше, тәрбие жұмысын жүргізу. Президент мынадай ұсыныс жасады. Кәсіпкерлерге жазасын өтеу мекемелерінің жанынан түрлі кәсіпорын ашу мүмкіндігі беріледі. Сотталушы табысын бостандыққа шыққан соң жұмсай алады. Оған қоса өндірісте меңгерген дағдысы жақсы жұмыс табуына жол ашады. Сондай-ақ, жазасын жеңілдетуге де мүмкіндік беру мәселесі зерделенеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мәселен, кейбір елде жазасын өтеушілер «қамау мерзімін қысқартуға» мүмкіндік беретін шараларды қолдана алады. Абақтыда ескерту алмаған, жаңа білім игерген, спорттық-мәдени шараларға қатысқан адамдарға осындай жеңілдік беріледі. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, осы мәселені мұқият пысықтауы қажет. Шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн.
Президент кадрлық әлеуетті күшейтуге назар аударды
Соңғы міндет – құқық қорғау органдарының кадрлық әлеуетін күшейту. Ашығын айту керек, полиция билік пен қоғамның арасындағы көпірге айнала алмады. Басы артық бюрократия көп. Осы орайда учаскелік инспекторлары айрықша маңызға ие. Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу керек деді. Сонымен қатар патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн. Өз кезегінде азаматтар да полицияның заңды талабына бағынуға міндетті. Әйтпесе көшеде тәртіп болмайды. Азаматтар мен бизнестен заңды талап еткенде өздеріңіз лайықты үлгі көрсетулеріңіз қажет. Сонда ғана полиция қызметкерлері мен азаматтар арасында сенімді әріптестік орнайды. Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру қаншалықты табысты болатыны сіздерге байланысты.
Қ. ТОҚАЕВ: Ержүрек сақшылардың ерлігі жұртымыздың жадында сақталуға тиіс
Енді марапат хақында. Кей құқық қорғау органдарында қарапайым мамандар назардан тыс қалып, атақ басшыларға ғана бұйырады. Президент бұған жол бермеу керегін айтып, кадрлық құрамды цифрлық бағалау жүйесін пайдалунды міндеттеді. Осы әдісті лауазымға тағайындау барысында да қарастыру тапсырды. Полицейлер өмірін бәйгеге салып жүр. Тәуелсіздік жылдарында 842 азамат қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тауып, 4,5 мыңы жарақат алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен мекемелік наградаларға қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімін беру мәселесін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ көшелер мен құқық қорғау мекемелерін батырлардың атымен атауға болады.
Мерекелік мезірет
Шарада қызмет барысында қаза тапқан мамандардың туыстары марапатталды. Соның бірі – Ләззат Мұқанова. Оның ұлы Шалқар Ақымғалиев суға батып бара жатқан адамды құтқарамын деп қызмет барысында жан тапсырды. Осыған байланысты марқұм III дәрежелі «Айбын» орденімен наградталып, ал анасына Алғыс жарияланды.
Бірқатар ауылдың ақсақалдары да марапат төріне қөтерілді. Мәселен Шу ауданындағы Балуан Шолақ ауылында 2022 жылдан бері қылмыс тіркелмеген. Осыған орай Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаевқа алғыс жарияланды.
Елде полицейлер династиясы аз емес. Соның бірі Зайнулиндер отбасы. Әулеттің жалпы еңбек өтілі 63 жыл.
Айтпақшы, Президент бір апта ішінде құқық қорғау органдарындағы олқылықтар көрсетілетін материал дайындау жөнінде тапсырма берді. Ол құжатта келеңсіздіктер толығымен көрсетіледі. Алайда ол жабық форматта ғана талқыланады. Келеңсіздіктер жан-жақты қаралып, шешу жолы ұсынылады.
Бекзат Аманов