Оралдық өрендер мұхиттың арғы бетінен олжалы оралды.

Жуырда Америка Құрама Штаттарының Вустер қаласында робототехникадан өткен халықаралық чемпионатта Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері екінші орынды иеленді. Жас дарындар өздері ойлап тапқан ауадан су шығаратын қондырғыны таныстырған. Бүгін жүлдегерлерді аймақ басшысы қабылдап, тарту-таралғысын табыстады.

Ауаны суға айналдыратын қондырғыны Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері ойлап тапқан. Шағын құрал тәулігіне 20 литр су өндіреді. Қондырғы қуатын арттырса, өсімдіктерді тамшылата суаруға, өзге де су тапшы салаларда қолдануға болатын көрінеді.

Фаррух Төреғожа, Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып шәкірті:

- Ғылыми жобаның аты «AquaAeris». Экологиялық девайс ол. Ауадан су істейді. Мысалы, бізде вентилятор бар. Осы ауа вентиляторға кіріп, осы конденсаторға барады. Осы конденсатордағы элемент Пельтье арқылы және температура айырмашылығынан су болады.

Армат Мақсотов, НЗМ робототехника үйірмесінің жетекшісі:

- Америкада өткен сол жарыстан біздер инженерлік бағыт бойынша жоғары жетістікке жетіп, финалист атағына, яғни екінші орынды иеленген болатынбыз. Ауадан табиғи ауыз су алу, оның барлығына дерлік өте қызықты болды деп айта аламыз басқа жобалармен салыстырғанда.

Халықаралық байқауға АҚШ-тың 40 штаты мен әлемнің 30 елінен 108 команда келген екен. Осынша қатысушының арасында дара шыққан шәкірттерді бүгін өңір басшысы қабылдап, құттықтады.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Жас зияткерлеріміз «Agua Aeris» атты ауадан су өндіру құрылғысын жаһандық ғалымдарға таныстырып, ел намысын қорғап, әлемге қазақ жастарының ақыл-парасатын, білімін және инженерлік қабілетін паш етті! Жақсы ұстаздарымыз бар, балаларымызға осындай жетістік алып келіп жатырған.

Облыс әкімі емен-жарқын әңгіме барысында өңірде роботехниканы дамытуды, ол үшін оқу орындарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов