Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты сапалы өніммен қамту және экспорт көлемін ұлғайту – бүгінгі экономикалық дамудың басты бағыттарының бірі.

Бұл бағытта еліміздің өңірлерінде орналасқан шағын және орта кәсіпорындардың рөлі ерекше. Солардың бірі – Түркістан облысы, Сайрам ауданында орналасқан «Айкан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған кәсіпорын бүгінде «Эмир» брендімен ірімшіктің түрлі түрін өндіру арқылы отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт әлеуетін де дамытып келеді.

Сайрам ауданы – ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу саласы дамыған, еңбек ресурстары жеткілікті өңір. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдалана білген кәсіпкерлердің бірі – «Айкан» ЖШС-і. Алғашқыда Шымкент қаласында орналасқан кәсіпорын кейіннен өндіріс көлемін арттыру мақсатында Сайрам ауданына көшірілген. Қайта жаңғырту жұмыстары кезінде кәсіпорын Түркиядан заманауи сүт өнімдерін өңдеуге арналған құрал-жабдықтарды әкеліп, өндірістік желіні толық жаңартқан. Қазіргі таңда кәсіпорын күніне 100 тоннаға дейін сүт өңдеп, одан 12 түрлі ірімшік өндіреді.

«Эмир» бренді бүгінде еліміздің барлық аймақтарында кеңінен танымал. Ассортиментінде «моцарелла», «сметанковый», «голландский», «сулугуни», «брынза», «чечил», «адыгей», «сливочный» сияқты өнімдер бар. Олардың майлылығы 30 пайыздан 50 пайызға дейінгі аралықта болады. Бұл тұтынушыларға таңдау еркіндігін ұсынып, нарық сұранысына бейімделу мүмкіндігін береді. Барлық өнімдер табиғи сүттен жасалып, құрамында ешқандай химиялық қоспа мен генетикалық түрлендірілген элементтер жоқ. 2017 жылы кәсіпорын «Халал» сертификатын алып, діни талаптарға толықтай сәйкес келетін өнім өндіретінін дәлелдеді.

«Айкан» ЖШС басшысы Алмагүл Айкан өнім сапасына баса мән беретінін айтады:

«‘Эмир’ ірімшігінің 12 түрінің әрқайсысында көптеген құнды дәрумендер бар: ақуыз, кальций, магний. Біз өнім сапасына ерекше назар аударамыз. Тұтынушы сенімі – біздің басты құндылығымыз», – дейді кәсіпкер.

Кәсіпорын сапаға қатысты қатаң ішкі бақылау жүйесін енгізген. Барлық өнімдер тәуелсіз зертханаларда тексеріліп, әр 10 күн сайын сапа стандарттарына сай болуы үшін сынақтан өтеді. Сонымен қатар, өнімнің сақтау мерзімін ұзарту, буып-түюді жаңарту, логистиканы жетілдіру сынды бағыттарда да жұмыстар жүргізілуде.

Кәсіпорынның тағы бір маңызды жетістігі – экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайту. Қазіргі таңда «Эмир» брендінің өнімдері Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталып жатыр. Алдағы уақытта Ресей мен Таяу Шығыс нарығына шығу жоспарланған. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасына шетел валютасының келуін қамтамасыз етіп, жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін арттырады.

Айта кету керек, кәсіпорынның дамуына мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілген. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы» және «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие мен субсидиялар берілген. Бұл қаржылық демеу өндірісті кеңейтуге, жаңа жабдықтар алуға және жұмысшылар санын арттыруға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда кәсіпорында 47 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар – негізінен Сайрам ауданының тұрғындары.

Әлеуметтік жауапкершілік те кәсіпорын жұмысының маңызды бөлігіне айналған. «Айкан» ЖШС мешіттерге, мүгедек балаларға, тұрмысы төмен отбасыларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Бұл қоғаммен байланысты нығайтуға, жергілікті тұрғындармен сенімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етуде.

Сайрам ауданындағы «Айкан» ЖШС – локал өндірісті дамыту, инвестиция тарту, экспортты арттыру және әлеуметтік жауапкершілік бағытында үлгі боларлық кәсіпорын. Мұндай өндірістердің көбеюі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты азайтуға және жалпыұлттық экономиканы әртараптандыруға өз үлесін қосары сөзсіз.

С.АБЫЛБЕКОВА