Алматы облысы Жамбыл ауданында екі медициналық пункт ашылды. Нысандар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Енді шалғай елді мекен тұрғындары ем-дом алу үшін аудан орталығына сабылмай, алғашқы медициналық көмекті өз ауылында алады.
Жамбыл ауданында бір күнде екі жаңа медициналық нысан қолданысқа берілді. Саурық батыр ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, ал Көкдалада медициналық пункт ашылды. Нысандар мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 308 миллион теңгеге салынды. Бұған дейін дәрігерлік көмек ескі және жалдамалы ғимараттарда көрсетілетін.
Қали Өтелбайұлы, Саурық батыр ауылының тұрғыны:
- Ол кезде қиын жағдай болды ғой, шын айтқанда. Кішкентай ғана 2-ақ бөлме. Төбесінен су ағып тұрды. Қанша рет біз айттық. Соның нәтижесі, мінекей, жаңадан медпунктке салып беріп жатыр. Барлығымыз қуаныштымыз.
Байжұман Қалиев, Көкдала ауылының тұрғыны:
- Бұрын медпунктке ауданға баратынбыз, енді қазір өзімізде бар. Бұрын бізде 1 кезекші медбике болатын, енді қазір осындай үлкен медпункт ашылып, дәрігер көбейіп, жақсы болды.
Жаңа медициналық пунктер күніне 10 пациентке дейін қабылдай алады. Әр нысан қажетті медициналық жабдықтармен және заманауи инженерлік жүйелермен жабдықталған.
Ержан Сүлейменов, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бұл фельдшерлік-акушерлік пункт бүкіл стандартқа сай жабдықталған және бүкіл скринингтік және екпе процедурасы, ем-шаралары жасалады. Біздің ауылда тұрған жерлестеріміз қала немесе облыстық емханаларға бармай, осы жерде бүкіл физиотерапиялық ем-шарасын алады.
Алматы облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 медициналық нысан салу жоспарланған. Соның 17-сі халық игілігіне берілді. Қалғаны жыл соңына дейін ашылады.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай