Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзінің қоғамдық позициясы үшін олигархтар мен түрлі лауазымды шенеуніктер тарапынан қысымға жиі ұшыратынын айтты. Massaget.tv арнасына берген сұхбатында ол отбасына жасалған тікелей шабуыл, психологиялық қудалау және заңсыз арыздардың артында кімдердің тұрғанын ашық айтты.

"Кезекті жер дауынан кейін Алматыдағы пәтеріме келіп, белгісіз біреу баламның қоларбасын жағып кетті. Камераны алдыртып, ол тұлғаны ұстадық. Ұстағаннан кейін психдиспансерде есепте тұрған азамат екені анықталып, жауапкершіліктен босатылды. Қоғам өкілдерін қорқытып, үркіту үшін осындай адамдарды пайдаланады екен. Үлкен олигархтар, ауқатты кландар мұндай адамдарды қолданады. Олар жәй күндері қалада сап-сау өз өмірлерін сүріп жүреді. Оған ақшасын төлеген, жауапкершілікке тартылмайтынын біледі. Сол оқиғадан кейін менің жолдасым мен бала-шағам шошынып қалды", – деді депутат.

Бұл оқиғадан кейін отбасының қауіпсіздігі үшін депутат пәтерін ауыстыруға мәжбүр болған. Айтуынша, тек физикалық емес, моральдық және әкімшілік қысым да үдеген.

"Осыдан кейін жолдасым маған: "Парламентте даулы мәлімдемелер жасап, ақиқатты талап етіп тұрғанда отбасыңды жағып жіберсе не істейсің?" деді. Амалсыз басқа пәтерге көшуімізге тура келді. Әртүрлі хабарламалар мен арыздар түсіп отырады. Мен өзім Парламент Мәжілісіндегі ең бұзақы депутатпын. Сегізінші шақырылымдағы депутаттардың ішінде ісі тәртіптік кеңесте ең көп қаралған менмін. Олигархтардың заңсыз алынған жерлері, кейбір заң жобаларының қыр-сырларын қадап тұрып министрлерге айтып отырмын. Мәлімдемелерім ұнамағаннан кейін, олар ар жақтан арыздарды түсіртіп отыр. Сәуір-маусым айларында мен арыздан бас көтере алмадым. Бұл депутатқа деген нақты қысымның бір түрі", – деп ағынан жарылды Бақытжан Базарбек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget