Астанада Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты негізгі сот отырысы осыдан 2 сағат бұрын аяқталды. Прокурор екі айыпталушының актісін жеке-жеке оқып, 3,5 млрд теңгенің қайда жұмсалғанын толық баяндады. 7 пәтер, 3 көлік, саяхатқа жолдама, қымбат бұйымдар мен киім-кешектің нақты қашан сатып алынғанын айтты. Бірақ Перизат Қайрат бұл деректермен келіспейтінін айтып, алдағы сот процестерінде қарсы дәлел ұсынамын деп отыр.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
100 томнан асқан қылмыстық істің актісін прокурор бір сағат бойы оқыды. 3,5 миллиард теңгенің әр тиыны қайда, қашан жұмсалғанын баяндап, бұдан басқа да біраз заңға қайшы әрекеттерді жіпке тізді. Айтуынша, Перизат Қайрат қайырымдылық қорды жалған құжат жасатып ашқан. Осы тұста айта кетейін, қорды ресми түрде рәсімдеу үшін оған кемінде үш адам құрылтайшы болуы керек. Бірақ прокурордың сөзінше, Перизат қорды тезірек құрып, ақша жинау үшін бұған келісім бермеген азаматтардың атынан қол қойып, заңды белден басқан.
Сот процесіне жәбірленуші ретінде бірнеше кәсіпкер қатысты. Олар қаржы мұқтаж жандарға беріледі деп иланып, қорға бірнеше жыл қатарынан миллиондап аударғандарын айтады. Перизат ұйымдастырған қайырымдылық аукциондарына қатысып, қомақты қаржыдан қағылғандар да бар. Мәселен, кәсіпкерлердің бірі Геннадий Головкиннің қолғабын 10 миллион теңгеге сатып алған. Алайда прокурордың айтуынша, кейін Перизаттың бұл қаржыны Дубайда демалуға, қымбат киім алуға жұмсағаны белгілі болды. Ал кәсіпкер «Головкиннің қолғабын қайтарамын, ақшамды орнына салсын» деп отыр.
Мөлдір Сүйінішәлі, кәсіпкер, жәбірленуші:
Шынымды айтсам, осы жағдайдан кейін қайырымдылық қорларына мүлде сенбеймін. Мұндай болады деп ойламадым. Ақыры шын мұқтаждарға жетпеген екен. Ендеше 10 миллион теңгемді қайтарып берсін. Одан да өзім қайырымдылыққа жұмсаймын.
Перизат Қайрат сот кезінде жәбірленушілердің сөзін бірнеше рет бөліп, судьядан ескерту алды. Сондай-ақ прокурордың айыптау актісін «тергеушінің қиялы» деп атап, келесі сот процестерінде оның жалған екенін дәлелдейтінін айтты. Бұдан бөлек, әуелде қорды өзі емес, басқа құрылтайшылар ашқанын да алға тартты. Келесі сот ертең сағат 10:00-де өтеді.
Жанел Нұрболат