Ақмола облысында «Jańa Dala / Green Day» мамандандырылған көрмесі ашылды.
Екі күнге жалғасатын халықаралық іс-шара бұл жолы Целиноград ауданына қарасты Нұресіл ауылында ұйымдастырылды. Оған 20-дан астам елден 200-ге жуық компания қатысып жатыр. Агроөнеркәсіп кешені саласының 5 мыңнан астам маманы, фермерлер, тауар өндірушілер мен лизингтік компания өкілдері бір алаңға жиылды.
«Jańa Dala — Green Day» мамандандырылған көрмесінде Франция, Ұлыбритания және Нидерланды сынды озық елдердің ұлттық павильондары таныстырылды. Агроөнеркәсіп кешені саласында көшбасшы саналатын шетелдік компаниялар келушілер назарына үздік өнімдерін ұсынды. Ауқымды іс-шараға «ҚазАгроҚаржы» АҚ да қатысып жатыр.
Айдар Прашев, «Қазагроқаржы» АҚ Басқармасының төрағасы:
- Қазіргі уақытта 130 млрдтай теңге шаруашылықтарға бөлінді. Былтыр осы уақытта 80 млрд болды. Клиенттер саны бойынша былтыр 2 мың 323 шаруашылыққа берілсе, биыл 3 мың 200-ден асты. Техниканың саны былтыр 5 мыңның айналасында техника бірлігі берілсе, биыл 6 мыңнан асты.
«ҚазАгроҚаржы» фермерлер үшін лизинг қызметтерін барынша қолжетімді және ыңғайлы ету мақсатында цифрлық құралдарды дамытуға басымдық береді. Бүгінде клиенттері онлайн тұғырнамадағы жеке кабинет арқылы келісім-шарттар мен есептер туралы барлық ақпаратпен танысып, мобильді қосымшамен фототіркеуді өз бетінше жүргізе алады.
Нияз Көшкімбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры:
- Биыл былтырмен салыстырғанда 200 млрд-қа дейін ақшаны ұлғайтайын деп отырмыз. 5 пайызбен арзандатылған пайызбен лизингке техника беріледі. Комбайндар, тракторлар.
Бұл бағдарлама алдағы жылдары да жалғасын таба бермек, дейді акционерлік қоғам өкілдері. Тағы құжаттарды жинау, өтінімдерді қарау мерзімін қысқарту үшін мемлекеттік дерекқорларды бірыңғайландыру процесі жүріп жатыр. Мұның бәрі шаруаларға уақытты үнемдеуге және еліміздің кез келген өңірінде кеңсеге бармай-ақ қызмет алуға мүмкіндік береді.
Мирлан Алтынбек, Өрден Жарқын, Ернар Нысанбай