Елімізде Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады, деп хабарлайды 24kz.

Осыған байланысты бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік және квазимемлекеттік саладағы жас мамандармен кездесіп, іріктеудің талаптарын түсіндірді. Іс-шараға ұлттық компаниялардың, орталық мемлекеттік органдар мен оған қарасты ұйымдардың 250-ге жуық қызметкері қатысты. Агенттік төрағасының айтуынша, биыл резервтің әр салалық бағытына квоталар қарастырылып, іріктеу тек салалық бағыт бойынша жүргізіледі. Бұл әдіс салалар арасындағы теңгерімді сақтайды. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жұмыс өтілі бар, қазақ тілін В1 деңгейінде меңгерген азаматтар қатыса алады. Құжаттарды қабылдау 1-30 маусым аралығында Pkrezerv.gov.kz ресми платформасында онлайн жүзеге асырылады. Іріктеудің 6 кезеңі бойынша 50 адам Резервке қабылданады.

Әділ Құсманов, Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы:

- Мен 2023 жылғы резерв мүшесімін. Осы жұмыста 6 ай жұмыс істеймін. Одан бұрын мен экономикалық зерттеу институтында жұмыс істедім. Осы резерв маған үлкен әлеуметтік лифт болды. «Болашақ» бағдарламасына мені осы резерв арқылы шақырды. Осы мемлекеттік басқару саласына, қоғам мен экономиканың дамуына өз үлесімді қосуға дайынмын.