Көшенің Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейінгі бөлігі биыл жыл соңына дейін ашылады.
Алматы қаласындағы Саин көшесі биылғы желтоқсанда Ақын Сара көшесіне дейін ұзарады. Бұл туралы "ҚазАқпарат" агенттігі Алматының мобильділік басқармасына сілтеме жасап хабарлады.
Басқарма басшысының орынбасары Асан Бостановтың агенттікке берген жауабына сәйкес, 1,6 шақырым болатын учаскеде асфальт-бетон жамылғысын төсеу жұмыстары аяқталған. Қалған бөлікте құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек жер төсемесінің негізін нығайту жұмыстары 85%-ға, 110 кВ электр желісін қайта жабдықтау жұмыстары 50%-ға орындалған.
"Келісімшарт бойынша құрылыс жұмыстарының аяқталуы 2025 жылдың желтоқсан айында жоспарланған", – делінген ресми жауапта.
Еске салайық, шілдеде басқарма Саин көшесі Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін жалпы ұзындығы 3,2 шақырымға ұзаратынын хабарлаған болатын.
Оқи отырыңыз:
Алматыда жөндеу жұмыстарына байланысты Саин-Жұбанов жолайырығындағы бұрылыстар уақытша жабылады
2025 жылы Алматыда 35 шақырым жаңа жол салынып, Абай мен Саин көшелері ұзарады