Жақында ғана прокатқа шыққан «Байдың баласы» фильміне түскен жас дарындар Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мұндай құрметке негіз жоқ емес. Tiger Films компаниясы түсірген комедия үш апта ішінде 600 миллион теңгеден астам табыс жинап, кинонарығын дүр сілкіндірді.

Бұлар жәй ойын баласы емес, отандық киноға үлес қосып жүрген жас дарындар. Олардың жасандылықтан ада болмыстары мен шынайы ойындарының арқасында «Байдың баласы» фильмі көрермен жүрегін жаулап, соңғы жылдардағы ең табысты отандық фильмдердің қатарына қосылды. Талантты жас өрендер бүгін «Қазақфильм» ұлттық киностудиясын аралап, министрліктің марапатын иеленді.

Айдар Омаров, «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы президенітінің м. а.:

- Жас болса да жұлдыз болып үлгерген балалардың еңбегі орасан. Бұған көрермендер де куә. Бұл жасөспірімдер жақында прокатқа шығатын «Жабайы» фильміне де түсті. Балаларға сәттілік тілеймін. Отбасылық контентті дамыту өте қажет. Бұл ұлттық киностудияның да басым бағыттарының бірі.

Фильмде ауқатты отбасында тәрбиеленген он үш жастағы Арман ата-анасының шешімімен бірнеше күнге қарапайым, көп балалы жанұяның мүшесіне айналады. Қала шетіндегі ескі жатақхана, бөтен орта, жаңа тәртіп — мұның бәрі Арман үшін нағыз сынақ болады. Жеңіл комедия көрерменді күлдіріп отырып, отбасылық құндылықтарды дәріптейді.

Сезім Серікбай, оқушы:

- «Байдың баласы» фильмінің съёмкасы кезінде мен өзіме көп дос тауып алдым. Tiger Films группа өте ашық жарқын болды. Және де «Байдың баласы» фильмі ақша маңызды емес екенін айтады, түсіндіреді.

«Байдың баласы» комедиясы жаздың соңына дейін прокатта болады. Фильмге деген көрермендердің ықыласын ескерген Tiger Films компаниясы комедияның жалғасын түсіруді жоспарлап отыр. Талантты жасөсріпірімдер түскен жаңа картина жаңа жыл қарсаңында экранға шығады.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев