Кереку жұрты Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл қойып, ақын рухына тағзым етті. Айта кету керек ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай өңірде ондаған шара ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы Абай көшесі бастан -аяқ жөнделді. Ақынның шығармаларын зерттеуге, оның мұрасын жастарға насихаттауға баса мән беріліп келеді. Мәселен, Қазақстанның халық әртісі Шахимардан Әбілов Абайдың шығармаларын 1980 жылдан бері зерттеп келеді. Абай мәңгі өлмейді, оның әр сөзі — бір философия дейді әнші. Ол кемеңгер тұлғаның өлеңдері мен ой-толғамдарын моно-опера, моно-реквием түрінде дәріптеп жүр. Ал 180 жылдық мерейтойына моно-спектакльді көрермен назарына ұсынды.
Шахимардан Әбілов, Қазақстанның халық әртісі:
Абай өзінің реквием моно-операсын жазып кеткен. Ал бірақ осы шығармалар біздің болашағымыз. Сондықтан бес жыл бұрын Екібастұз жерінде, Павлодарда бірінші моно-операм болды. Ал қазіргі орындағаным жетінші редакциясы. Абайсыз біз ел бола алмаймыз. Абайсыз тілімізді апара алмаймыз.
Бұл күні жетісулықтар да адамзаттың алыбы Абайды ұлықтады. Облыстық мүшәйра жүлдегерлері ақынның өлеңін оқып, өнерпаздар әнін шырқады. Ал жергілікті көшпелі әдебиет «Мизам» мектебінің шәкірттері ойшылдың қара сөздерін жатқа айтты. Сонымен қатар Бикен Римова театрының актёрлері Абайдың балалықтан даналыққа дейінгі кезеңдерін сахналап, көпшілікті тәнті етті.
Дамир Нұрмұхамет