Биыл Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар-өндірушілеріне мемлекет тарапынан 200 млрд теңге бөлінді.

Бұл қаржы өндірістік шығындарды субсидиялауға, материалдық-техникалық базаны жаңартуға және агро-өнеркәсіптегі қайта өңдеу саласын дамытуға жұмсалды. Қазір жергілікті диқандар, орақ науқанына дайындалып жатыр. Егіннің шығымдылығы қандай?

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 4,4 млн гектар жер игерілді. Оның басым бөлігі – бидай. Соңғы жылдары диқандар егін шаруашылығын әртараптандырып, майла дақылдар алқабын ұлғайтып жатыр. Қазір көктемде себілген астықтың толысып пісіп, жетілген шағы.

Корней Шевченко, шаруашылықтың бас агрономы:

- Қуаңшылық жылдарға қарағанда биылғы маусым өте жақсы болып тұр. Жерді өңдеп, тыңайтқыш сепкен диқандар мол өнім жинайды. Ылғал қоры жеткілікті. Ауа-райы да оң қабақ танытып тұр.

Осы жылы солтүстікқазақстандық диқандарға мемлекеттік «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына 97 млрд теңге бөлінді. Шаруалар жаз бойы егін алқаптарында арамшөп, зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар облыс бойынша 340 мың тонна миниралды тыңайтқыш себіледі. «Бұның бәрі өнімнің сапасы оң әсер етті»,- дейді мамандар.

Дәурен Тоққожынов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Егін алқаптарында жақсы өнім тұр. Оған мемлекеттік бағдарламалардың да көмегі тиді. Мәселен қазір миниралды тыңайтқыштың 60 пайызы субсидия есебінен өтеледі. Бұл диқандар үшін зор қолдау.

Өңірде биылғы орақ науқанына 7 мың комбайн шығады. Облыс бойынша 7 млн тоннаға жуық астықты қабылдау орны бар. «Ендігі міндет – ырыс дәнін ысырып етпеу жинап алу», — дейді диқандар.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, 24kz