Ақмола облысында биыл жұмысшы мамандарды даярлауға ерекше басымдық беріледі.

Қазір аймақтың зауыт-фабрикаларына инженер-механиктерден бастап оператор, машинист секілді кәсіп иелері қажет. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл 5 мың 700 мемлекеттік грант бөлінді.

Көкшетаудағы жоғары техникалық колледжінде 28 мамандық бойынша 2,5 мың студент оқиды. Оқу ошағында олардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Студенттер негізінен тәжірибелік сабақтарды көбірек өтеді.

Тілек Сәбитова, Жоғары техникалық колледжінің әдіскері:

- Жалпы колледжде 20 құзыреттілік орталық бар және шеберханалар бар. Сол шеберханалар да, құзыреттілік орталықтар да нақты жұмыс істеуге жағдай жасалған. Сол орталықтарда біздің студенттеріміз әртүрлі өнімдер жасайды. Осы жылы біз ақпан айынан бастап Сингапур политехникалық колледж, университеттерімен келісім шартқа отырып, халықаралық сертификациядан өтіп жатырмыз.

Ал оқуын тәмәмдаған жастар жұмыс іздеп сабылмайды. Себебі, оқу орны облыс бойынша 30 кәсіпорынмен меморандумға қол қойған. Студенттер өндірістік тәжірибеден өту кезінде жақсы нәтиже көрсетсе, бірден сол жерге жұмысқа қабылданады.

Ержан Манарбек, зауыт жұмысшысы:

- Оқуымды тәмәмдағанннан кейін осында «Каик» зауытына жұмысқа орналастым. Орналасқаныма екі жылдан артық болды. Жұмыс жеңіл, жақсы. Жалақасы жақсы. Біздің мамандықтар бойынша сұраныстар көп. Осындай жұмысшылар да қажет бізге. Әрдайым жұмысшыларды жаңадан қабылдаймыз, үйретеміз.

Қазір аймақтағы 29 колледжде 20 мыңнан астам студент техникалық мамандықты меңгеріп жүр. Бұл да өз кезегінде өңірдегі кадр тапшылығын шешуге оң ықпал етеді.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко, 24KZ