Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев 2024 жылы халыққа жолдауында автокөлік жолдарының сапасына баса назар аудару керектігін айтқан еді. Биыл Қостанай облысындағы жолды жөндеуге 102 млрд теңге қаражат бөлінді. Барлығы 1300 шақырым жол қайта қалпына келтіріледі. Бұл өткен жылға қарағанда 40 пайызға көп. Негізінен елді мекендердің әлеуметтік эконмикалық ахуалын көтеруге басымдық берілген.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Бұл облыс орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан Константиновка ауылы. 700-ден астам тұрғыны бар елдімекенде бұрын соңды мүлде асфальт болмаған. Биыл ауылдың негізгі 3 көшесіне осындай тас жол төселді.

Тоғжан Жаңабергенова, Константиновка ауылының тұрғыны:

Бұл ауылда тұрғаныма 15 жыл болды. Алғаш көшіп келген кездегі жағдаймен салыстырғанда, қазір бәрі әлдеқайда жақсы. Ауылға ең алдымен жарық орнатылды, үйлерге су тартылды, жолдар жөнделді. Бұрын жол жоқ еді, көктем мен күзде қатты қиналатынбыз.

Жеңіс Мустафин, Константиновка ауылының тұрғыны:

Бұрын мұнда жол да, су да, жарық та болған жоқ. Газ тек Садовый мен Ленин көшелерінде ғана бар еді, ал Терешковада мүлде болмады. Қазір бәрі жасалды, қала сияқты жағдай бар. Жолдары жақсы, балалар велосипедпен де, роликпен де жүреді. Өзім көлікпен жүремін. Қазір жұрттың көбінде жаңа көлік бар.

Облыста биыл Константиновка сынды 98 ауылдың ішіне алғаш асфальт төселді. Жалпы көшелерді жөндеуге 29 млрд теңге бөлінсе, елдімекендерге 31 млрд теңге қаражат қаралған.

Маржан Досқалиева, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, қазіргі таңда ауылдарды жаңғыртуға, дамытуға үлкен көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан бөлінген қаражаттың көп бөлігі 29 млрд теңге ауылдарға бөлініп жатыр.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Бұл Қостанай-Қарабұтақ бағытындағы республикалық маңызға ие жол. Ұзындығы 549 км құрайды. Рудныйға дейінгі 32 шақырымы дәл қазір орташа жөндеуден өтіп жатыр. Бұл аралық биыл ақылы жолдар санатыа енді. Қазір бұл жерде 20-дан астам техника мен 30-ға жуық жұмысша бір мезгілде жұмыс істеп жатыр.

Облыстағы бірінші санатқа жататын төртжолақты жолдардың бірі осы. Тәулігіне 7000-ға жуық көлік өтеді. Еліміздің батыс бөлігімен байланыстыратын өңірдегі негізгі логистикалық желінің бірегейі. Биыл жөндеуге 6,7 млрд теңге бөлінген. Беткі жабынын қалыңдатып, жол бойына жарық орнатып жатыр.

Аслан Ахмет, «Қазавтожол» ҰК Сапаны бақылау бөлімінің бас маманы:

Қостанай облысында республикалық маңызға ие жолдардың ұзындығы 1542 шақырымды құрайды. Оның биыл 380 км орташа жөндеу жұмыстары қамтылған. Ол 20 нысанға бөлінген. Барлық бағытта жұмыс қарқынды.

Сондай-ақ облыстың оңтүстік бөлігінде «Орталық-Батыс», «Жезқазған-Петропавл» бағыттары сынды ірі жобалар қолға алынды. Бұл жол өңірді Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарымен байланыстырып отырған өңіраралық көлік дәлізі. Ауқымды жоба құны 90 млрд теңге. Жоспараға сәйкес құрылыс 2026 жылы аяқталуы тиіс.

Мәдина Нағашыбай