Әлемде жыл сайын 14 млн адам сапалы ем алу үшін шетелге аттанады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі осындай, деп хабарлайды 24kz.

Бұл нарықтың көлемі 2023 жылы 120 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал алдағы екі жылда көрсеткіш 273 млрд-қа жетеді деген болжам бар.

Сұраныс артқан сайын медициналық-туристік бағыттар көбейе түсті. Демек, бәсекелестік те жоғары. Таиланд, Түркия, Германия сияқты елдер табиғи ресурстарды заманауи медицинамен ұштастырып, өзіне тән аймақтық бренд қалыптастырды.

Ал әлем халқы косметикалық хирургия, стоматология, ортопедия қызметіне көбірек жүгінеді. Бұдан бөлек, медициналық туризмге қатысты тағы қандай жаңалық бар?

Әсия Нұрлыбаева баяндап беруге әзір.

- Әлемдік медициналық туризм саласында күн сайын жаңа аймақтық бағыттар ашылуда. Емделушілер де көбеймесе, азаймай отыр.

Әрісі Америка мен Еуропадан бастап, берісі Азияда ондаған ел медициналық туризмнен табыс тауып отыр. АҚШ пен Еуропада миллиондаған долларға бағаланатын күрделі ота бұл елдерде әлдеқайда арзан. Қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет ұсынатын елдердің үздік үштігін Азиядағы Малайзия бастап тұр. Бұл ел жыл сайын жарты миллион медициналық турист қабылдайды. Куала-Лумпур күйіктен бастап жүрек аурулары, жасанды ұрықтандыру саласы бойынша маманданған. Бұдан соң Сингапур мен Таиланд үздіктер қатарында. Сингапур онкологиялық ауруларды емдеумен танымал болса, Таиландтың дәрігерлері пластикалық ота жасаудың шебері. Таиланд нарығы саладан жыл сайын 20%-ке өсім көріп отыр. Мұнан соң емдеу сапасы жоғары елдер тізімін Үндістан мен Түркия толықтырып тұр.

Медициналық туризм дамыған елдер:

Малайзия – жүрек арулары, ЭКҰ

Сингапур – онкологиялық аурулар

Таиланд – пластикалық хирургия

Үндістан – жүрек арулары

Түркия – стоматология, косметикалық ота

***

Үндістан медициналық туризмді дамытуға ден қойды

Үндістан демекші, бұл ел көршілес Пәкістанмен шиеленіскен кезеңде сол елдің азаматтарына медициналық мақсатта виза беруді тоқтатты. Бұл шешім екі ел арасындағы медициналық туризмді тежей түсті. Өйткені бұған дейін пәкістандықтардың көбі Үндістандағы жоғары сапалы әрі қолжетімді емге жүгінетін. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастама пәкістандық науқастар үшін Үндістандағы емдеу мүмкіндігін шектеп, олардың басқа елге бағыт алуына мүмкіндік береді. Соған қарамастан, Нью-Дели өзге елден келетін емделушілерге басымдық беріп отыр. Визалық рәсімдерді жеңілдетіп, медициналық туристерге арналған инфрақұрылым құруды қолға алған. Елдің бірнеше әуежайында арнайы медициналық үстелдер мен аудармашылар қызметі енгізілді. Сарапшылардың айтуынша, Үндістан тақауда әлемдік медициналық туризм хабына айналуы мүмкін. Өйткені мұнда емдеу құны батыс елдеріне қарағанда 2-3 есе төмен. Бұл шаралар халықаралық пациенттер үшін қолайлы жағдай туғызып, Үндістанды медициналық туризм орталығына айналдыруды мақсат етеді.

Свами Адвайтананда Гири, Халықаралық медитация қорының төрағасы:

- Қазіргі заманғы медициналық мекемелерді йога, аюрведа, юнани және натуропатия сияқты дәстүрлі емдеу жүйелерімен біріктіруде зор әлеует бар. Заманауи медициналық мекемелер мен дәстүрлі жүйенің үйлесім табуы Үндістанның медициналық туризм нарығында алдыңғы қатарлы орын алуына ықпал етіп отыр.

***

Шанхайда шет тілін білетін дәрігерлерге сұраныс артты

Қытай мегаполисі Шанхайда дәрігерлер мен сарапшылар алғаш рет медициналық мекемелерге қойылатын халықаралық талаптар жиынтығын әзірледі. Бастамаға сәйкес қаладағы емдеу орындары біртіндеп халықаралық стандартқа сай қызмет көрсетуді бастап кетті. Беделді ауруханаларда шетелдік емделушілерге қолайлы жағдай жасау үшін көптілді дәрігерлерге сұраныс артқан. Тіпті кей мекемелер полиглот мамандарды біртіндеп жұмысқа алып жатыр.

Гу Цзинвэнь, Хуашань ауруханасына қарасты халықаралық медицина орталығының директоры:

- Халықаралық медициналық қызмет – бұл әлемдік стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін жоғары сапалы денсаулық сақтау жүйесі. Бұл тек арнайы медициналық көмекпен ғана шектелмейді. Денсаулық сақтау, басқару, қызмет көрсету, туризм және сақтандыру сияқты әртүрлі салаларды қамтитын жаңа қызмет жүйесі.

Лотар Зигфрид, Германиядан келген емделуші:

- Бұл жердің дәрігерлері жоғары білікті мамандар. Олар жасаған ота өте сәтті өтті. Жұмыстарына ризамын. Айтқан әрбір сөзіне толық сенемін.

***

Хайнаньда ем алатындар мен демалатындар көбейді

Қытай бәрінен озуды көздеп отыр. Тек Шанхай шаһары емес, Хайнань аралы мен Санья қаласы дәстүрлі қытай медицинасы мен тропикалық климатының арқасында медициналық туризмді өрістетіп отыр. Жергілікті емдеу мекемелері шетелдік туристерге ағылшын және орыс тілінде қызмет көрсетеді. Қытай үкіметі визасыз режимді жеңілдетіп, былтыр 59 елдің азаматтарына 30 күнге дейін аралда емделуге және демалуға мүмкіндік берді. Аймаққа, әсіресе, Ресейден келетін турист емделушілер көп.

***

Америкалықтар шетел жағалап ем алып жүр

Ал америкалықтар медициналық қызмет алу үшін өз елінде емес, өзге елге жүгінуге мәжбүр. Бұған АҚШ-тың кей елден келетін тауарларға салған кедендік алымы себеп. Баж салығы медициналық құрал-жабдықтардың қымбаттауына себеп болған. Бұл АҚШ-та емделу құнын көтеріп, тұрғындарды арзан әрі сапалы ем алу үшін шетелге шығуға итермелеп отыр. Америкалықтар Үндістан, Таиланд, Мексика және Коста-Рика сияқты бағыттарды жиі таңдайды. Мысалы, АҚШ-та 50 мың доллар тұратын тізе буынын ауыстыру отасы Үндістан немесе Мексикада 12 мыңдай ғана болуы мүмкін.

Александра Мердок, Globaldata сарапшысы:

- Кедендік баж тікелей медицина саласына арналмаса да, адамдардың емделу жолын таңдауға айтарлықтай әсер етеді.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева