Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы World Boxing аясында өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін Ұлыбританияға аттанды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясы мәлім етті.

Ұлттық құрама Шеффилд қаласындағы халықаралық жиынға қатысып, бір аптадан соң Ливерпульге жол жүреді. Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында аталған қалада өткізіледі.

Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде сайысқа түседі. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай болса, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.

Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов негізінен тәжірибелі боксшыларға сенім артып отыр. Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Бейбарыс Жексен (60 келі), Ертуған Зейнулинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бекзат Нұрдәулетов (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) мен Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар.

Ал Елдос Сайдалин бастаған бапкерлер әйелдер құрамасында төмендегі былғары қолғап шеберлеріне сенім артты. Алдағы әлем чемпионатында еліміздің атынан Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Элина Базарова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (80 келі) және Елдана Талипова (80 келіден жоғары) сынға түседі.