Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғырту енді онлайн бақыланады , деп хабарлайды 24kz.
Елде осы мақсатта арнайы ақпараттық портал іске қосылды. Жаңа жүйе арқылы құрылыс жұмыстарының барысын бақылап, ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Бұл туралы арнайы жұмыс тобының Шымкентте өткен кеңейтілген сессиясында айтылды. Жиынға Түркістан, Жамбыл облыстарының да өкілдері қатысты. Премьер-министр орынбасарының кеңесшісі Арман Мәліктің төрағалығымен ұлттық жобаны іске асырудың өзге де бағыттары таныстырылды. Оның айтуынша, инженерлік желілердің тозуы деңгейін азайту үшін жаңа қаржыландыру тетіктері енгізіледі. Сыйақы мөлшерінің бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланбақ. Осыған байланысты тиісті заңдарға өзгерістер енгізілген.
Арман Мәлік, ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі:
- Негізгі мақсаты – тозу деңгейін азайту, отандық мердігерлерді қолдау және отандық тауар өндірушілерінің көлемін арттыру болып табылады. 15 қыркүйекке дейін бүкіл Қазақстанды осындай жұмыс тобы аралап, агитациялық жұмыстар жүргізіп жатыр.